Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалғасуда

1-6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде. Биылғы дүбірлі додаға әлемнің 104 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, тартысты ойындарда бақ сынайды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының биылғы талисманы ретінде ілбіс таңдалып, оған «Батай» деген есім берілді. Ойындар мен мәдени іс-шаралар бірнеше негізгі локацияда ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Шолпан-Ата қаласындағы «Дордой Номад» амфитеатры, «Газпром» спорт кешені, ипподром, Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығы және Қырчын шатқалы жарыс пен мәдени бағдарламалардың негізгі алаңдарына айналды.

«Газпром» спорт кешені мен ипподромда көкпар, көк бөрү, салт атты ойындары, самбо, алыш күресі және басқа да ұлттық әрі дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Қазақстан құрамасынан 42 спорт түрі бойынша 152 спортшы қатысуда.

Ұлттық мәдениет пен өнер тоғысы

Көшпенділер ойындарының аясында спорттық жарыстармен қатар ауқымды мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Іс-шаралар Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында, «Дордой Номад» амфитеатрында және Қырчын шатқалындағы Құрманжан Датқа атындағы Көшпенділер өркениеті орталығында өтті. Қырчын шатқалында Қырғызстанның ірі қалалары жеке аумақтарға бөлініп, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігілді. Онда қонақтарға қырғыз халқының салт-дәстүрі таныстырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар арқан тартыс, жамбы ату және садақ ату секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

«Nomad Fest» фестивалі аясында театр қойылымдары, этномода көрсетілімдері, этнографиялық-фольклорлық ансамбльдердің өнері және түрлі мерекелік концерттер өтті. Шатқалда этномәдени қалашық пен арнайы тамақтану аймағы да жасақталған. Этномәдени қалашықта қолөнер бұйымдары, тоқыма, тері, ағаш және балшықтан жасалған ұлттық нақыштағы заттар ұсынылды. Ал арнайы тамақтану аймағында Қырғызстанның ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік жасалды.

Ипподром мен «Дордой Номад» амфитеатрында кешкі сағат 18:00-ден бастап халықаралық концерттер ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ресей мен Оңтүстік Кореяның сән үйлері өз коллекцияларын таныстырды. Музыкалық кештерде Болгария, Қазақстан, Пәкістан, Қырғызстан және басқа да елдердің ұлттық бишілері мен әншілері өнер көрсетті.

Осылайша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттық бәсекемен қатар, түркі және көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін халықаралық алаңға айналды.

 

Автор: Аружан Султанбек

Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты аяқтау үстінде — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img