«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық аймақтарға мамандарды тарту және кадр тапшылығын жою мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда.
Ведомство мәліметінше, бұл бағдарлама басталғалы бері ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына 1 700-ден астам медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Ауылдық жерлерге жұмысқа келетін, тапшылығы жоғары мамандықтары бар медицина қызметкерлеріне 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеңілдетілген кредиттер
Баспана мәселесін шешу үшін республикалық бюджет есебінен жеңілдіктер ұсынылады. Жеңілдетілген тұрғын үй несиелері бойынша аудандық жерлерде тұрғын үй сатып алу үшін сыйақы мөлшерлемесі 1% болатын 2 500 АЕК-ке дейінгі кредит беріледі. Ауылдық елді мекендерде 2 000 АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген кредит қарастырылған.
Бүгінгі күнге дейін 900-ге жуық әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді. Оған қызметтік тұрғын үй беру, баспана салуға/сатып алуға қолдау көрсету, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен байланыс ақысын төлеу сияқты әлеуметтік көмектер кіреді.
Бейімделу және кәсіби қолдау жүйесі
Мамандардың жаңа ортаға үйреніп кетуі үшін қосымша жағдайлар жасалған. Жаңадан келген мамандарға кәсіби даму процесінде қолдау көрсету үшін тәжірибелі әріптестерінің қатысуымен сүйемелдеу ұйымдастырылады. Халықтың медициналық көмекке деген сұранысын қанағаттандыру үшін Инфрақұрылымды дамыту қоры мен республикалық бюджет қаражаты есебінен жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салу жоспарланған.

