Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында елімізге шетелден жоғары өнімді асыл тұқымды мал әкелінуде.
Астана халықаралық әуежайына Австралиядан абердин-ангус тұқымына жататын 305 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді, деп хабарлайды jananews.kz.
Тарихи жеткізілім және кешенді жоспар
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл – Солтүстік Қазақстан облысына абердин-ангус тұқымды малдың Австралиядан алғаш рет әкелінуі. 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында республикаға 40 мың бас ірі қара мен 10 мың бас ұсақ мал сатып алу көзделген. Бүгінгі таңда елімізге жалпы есебі 9,5 мыңға жуық ірі қара жеткізілді.
Мал Астанаға Qatar Airways Cargo әуе компаниясының арнайы жүк рейсімен жеткізіліп, одан әрі өңірге жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, бұл жұмыстар отандық мал шаруашылығының әлеуетін нығайтып, табынның генетикалық сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті ет өндірісін ұлғайтуға тікелей ықпал етеді. Мал басын жаңарту ісіне «Шал ақын АГРО-2020» және «Asyl Farms» серіктестіктері белсене қатысуда.
СҚО-ның асыл тұқымды мал орталығына айналуы
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың басты орталықтарының біріне айналуда. Өңірде құны 15 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Жыл басынан бері облысқа Германия мен Даниядан 3 мыңнан астам аналық мал әкелінді. Жыл соңына дейін Австралиядан мал тасымалдайтын тағы 10 әуе рейсін қабылдау жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңірге импортталатын мал саны 11 мыңға жуық ірі қара мен 1,5 мыңнан астам ұсақ малға жетеді деп болжануда.
Сонымен қатар аймақта ветеринариялық инфрақұрылым да күшейтілуде. Қазіргі таңда облыста 118 тауарлы-сүт фермасы (оның 50-і – заманауи кешен) жұмыс істесе, жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 57 ветеринариялық бекеттің құрылысы жүргізілуде. Озық генетика мен заманауи технологияларды енгізу елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жол ашады.
Алматыда Республика күні қарсаңында «Адал қоғам» AI боттарын әзірлеу байқауы өтті — jananews.kz

