Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге 185 жыл толды!

Бүгін – қазақ халқының біртуар ұлы, аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф әрі фольклоршы Ыбырай (Ибраһим) Алтынсариннің туғанына 185 жыл толды.

Еліміздің рухани дамуы мен білім саласының іргетасын қалаған тұлғаның мұрасы ғасырлар бойы өз маңызын жоғалтқан емес, — деп хабарлайды jananews.kz.

Өмір жолы және ағартушылық қызметі

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданы Арқарағай ауылында дүниеге келген. Оның бүкіл саналы ғұмыры қазақ балаларын оқытуға, ағарту ісіне және жаңа үлгідегі мектептер ашуға арналды. 1860 жылы Орынбор бекінісінде қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылып, ол орыс тілінің мұғалімі болып тағайындалды. Халықтан жиналған қаржы есебінен жаңа мектеп пен интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда салтанатты түрде ашты.

Ұстаздықпен қатар Орынбор генерал-губернаторының тапсырмасымен Торғайда төрт рет уездік судья (1868–1874) және торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876–1879) қызметтерін атқарды. Инспекторлық қызметке кіріскен соң Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашты. 1888 жылы Орскіде қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі жұмысын бастады. Ыбырайдың Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта және Ақтөбеде қазақ қыздары үшін мектеп-интернаттар ашуы – қазақ қоғамы үшін тарихи маңызы зор қадам болды.

Әдеби-педагогикалық мұрасы мен жаңашылдығы

Ыбырай Алтынсарин оқу-ағарту жұмыстарында білімнің ана тілінде берілуіне ерекше мән берді. Ол оқыту әдістемесін жаңа бағытта құрып, балалардың оқуға деген ынтасын арттыруды көздеді. 1879 жылы оның «Қазақ хрестоматиясы» мен «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл еңбектер кириллица әліпбиі негізінде қазақ балаларына арналып жазылған тұңғыш оқу құралдары еді. Ол К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем аударма жанрының қалыптасуына үлес қосты. Оның өлеңдері мен әңгімелері жастарды білімге, адал еңбекке, адамгершілікке баулитын ғибратты қазынаға айналды («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар…»).

Ұлы ұстаздың есімі мен еңбегі елімізде әрқашан қадірленіп, оның есімімен аталатын арнайы білім орталықтары мен қалалар ұрпақ жадында жаңғырып келеді.

Оралда Шаған қоймасынан су жіберілуіне байланысты экологтер дабыл қақты — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img