Мемлекет басшысы Биоалуандылық туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды

Ереванда өткен Биоалуандылықты сақтау жөніндегі БҰҰ конференциясы (саммит) аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды баяндама жасады.

Мемлекет басшысы жаһандық экологиялық мәселелерге тоқталып, табиғатты қорғау бағытында бірқатар жаһандық және ұлттық бастамаларды ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

Президенттің негізгі ұстанымы мен халықаралық бастамалары

Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәселелердің шекара таңғанын және оны шешу үшін саяси қайшылықтарды бір жаққа ысырып, бірігу қажеттігін айтты.

«Тиісті шешімдер мен нақты шараларға негізделген экологиялық күн тәртібі саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы керек. Бізге шынайы достыққа, бейтараптыққа және нақты нәтижелерге бағытталған халықаралық ынтымақтастық қажет», – деді Президент.

Орталық Азия елдеріне Куньмин–Монреаль жаһандық биоалуандылық шеңберлік бағдарламасын орындауға, ғылыми тәжірибе алмасуға көмектесу мақсатында Қазақстан Биоалуандылық туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыруды ұсынды.

Қазақстанның экология саласындағы жетістіктері

Мемлекет басшысы елімізде табиғи мұраны сақтау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Еліміздің тарихында алғаш рет экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жәрдемдесу мемлекеттіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде Ата Заңда бекітіліп, азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарауы міндеттелді.

Соңғы 70 жылда алғаш рет Тұран жолбарысы табиғи ортаға жіберілді. Ал 2003 жылы небәрі 21 мыңды құраған ақбөкендер саны биыл көктемде 4,7 миллион басқа жетті. Бұдан бөлек, қар барысы мекендейтін аумақтың 70%-ға жуығы ерекше қорғалатын аймақтарға кіреді.

Каспий мәселесі және ұлттық қорлар

Президент Каспий теңізінің тартылуы мен Каспий итбалығы популяциясының азаюына (соңғы 100 жылда 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарғанына) ерекше назар аударып, Каспий маңындағы барлық 5 мемлекетті бұл түрді қорғауға күш жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ Қазақстан сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға арналған халықаралық қор құрып, биоалуандылықты сақтаудың ұлттық онжылдық бағдарламасы мен Ұлттық генетикалық биоалуандылық банкін құруға кірісетінін мәлімдеді.

Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге 185 жыл толды! — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img