Алматы туризмнің жаңа белесінде: 2025 жылдың рекордтық көрсеткіштері

Алматы туризмі 2025 жыл ерекше дамыды, яғни, айтулы кезеңге айналды. Жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, қалаға 1,1 миллионнан астам турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артық. Бұл өсім қаланың халықаралық аренадағы тартымдылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Сайтымыз осы деректерді негізге алып, оқырманға арнайы талдау ұсынып отыр. 

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың мәліметінше, келген қонақтардың 320 мыңын шетелдік саяхатшылар құраған. Негізгі өсім Үндістан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Малайзия сияқты елдерден келген қонақтар есебінен байқалады. Оларды Іле Алатауының көркем табиғаты, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты сияқты әлемге әйгілі орындар, сондай-ақ қаланың бай мәдени өмірі мен ұлттық тағамдары қызықтырады. Осы іспетті туризмдік орындарды Visit Almaty ресми сайтынан көруге болады.

ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕР

Туристер ағынының артуы қала экономикасына елеулі оң әсерін тигізуде. Жарты жыл ішінде көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 50 миллиард теңгеден асып, 16,6%-ға артқан. Салаға құйылған инвестициялар көлемі де рекордтық деңгейде: сегіз айда бұл көрсеткіш 104 миллиард теңгеге жетіп, 62,7% өсім көрсетті. Бұл инвесторлардың қаланың туристік әлеуетіне деген сенімінің жоғары екенін дәлелдейді. Нәтижесінде, туризм саласынан мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдері 59,3 миллиард теңгені құрап, 28,6%-ға артты.

Алматы туризмінің 2025 жылғы бұл жетістігі әлі де қайталанатыны сөзсіз. Өйткені соңғы айларда халықаралық спорттық шаралар мен мәдени жобалар саны артты. Әсіресе футболдан қазақстандық «Қайрат» ФК еуропа лигасына өтуі туризмге айтарлықтай серпін бергендей.

Туризмнің мұндай серпінді дамуына әуе қатынастарының кеңеюі де тікелей ықпал етіп отыр. 2025 жылы Гуанчжоу, Инин, Шанхай, Дананг, Аланья және Ош сияқты қалаларға жаңа халықаралық рейстердің ашылуы саяхатшылар үшін Алматыны одан да қолжетімді етті. Mastercard деректері бойынша, бір шетелдік турист Алматыда тәулігіне орта есеппен 441 доллар жұмсайды. Бұл жергілікті туристердің шығынынан 8,7 есе көп және қаланың қонақ үй, мейрамхана, сауда және ойын-сауық салалары үшін зор табыс көзі болып табылады.

Болашақта туристер ағынын одан әрі арттыру мақсатында Алматыда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 21 жаңа қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жаңа нысандар қаланың әлемдік деңгейдегі туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түспек.

Еске салайық, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайы 10 миллионыншы жолаушысын қарсы алғанын жазған едік.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img