Алматының інжу-маржаны саналатын «Шымбұлақ» тау курорты халықаралық деңгейде тағы да мойындалды. Мәскеуде өткен беделді SKI BUSINESS AWARDS марапаттау рәсімінде «Шымбұлақ» 2024-2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ТМД елдері арасындағы «Ең үздік тау-шаңғы кешені» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл – курорттың осы номинациядағы қатарынан үшінші жеңісі.
Қос марапат: Курорт пен басшының жетістігі
Биылғы марапаттау «Шымбұлақ» үшін екі есе қуанышқа толы болды. Негізгі номинациядан бөлек, байқау тарихында алғаш рет енгізілген «Ең үздік тау-шаңғы курортының басшысы» аталымында «Шымбұлақтың» бас директоры Ринат Абдрахмановтың еңбегі ерекше аталып өтті. Бұл жетістіктер курорттың кешенді дамып келе жатқанын және оны басқарудағы жоғары кәсібилікті көрсетеді.
Үздіктер қалай анықталды?
SKI BUSINESS AWARDS – тау-шаңғы индустриясындағы ең беделді марапаттардың бірі. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқауға 50 номинация бойынша 240-тан астам үміткер қатысқан. Жеңімпаздарды анықтау екі кезеңнен тұрды: сала мамандарынан құралған қазылар алқасының шешімі және ірі тау-шаңғы порталы Ski.ru сайтында өткен ашық онлайн-дауыс беру нәтижесі. Үміткерлерді бағалау кезінде тек компаниялардың саланың дамуына қосқан үлесі ғана емес, сонымен қатар сала жетекшілерінің жеке жетістіктері де ескерілген.
Сарапшылар пікірі және туристер санының артуы
Еуразиялық тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин «Шымбұлақтың» жеңісін жоғары бағалады.
«Өткен маусымда “Шымбұлаққа” 1,5 миллионнан астам адамның келгені – курортқа тек жергілікті ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. SKI BUSINESS AWARDS марапатының биылғы жеңісі – бұл команданың кәсіби жұмысының, инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын арттыру жолындағы еңбегінің нәтижесі. Мұндай беделді марапаттар өңіріміздегі өзге де тау-шаңғы курорттарына серпін беретіні анық», – деді сарапшы.
Беделді бәсекелестер және марапаттың маңызы
2018 жылы тау-шаңғы индустриясының мамандарын ынталандыру мақсатында тағайындалған бұл жүлдеге жыл сайын «Роза Хутор», Oi-Qaragai Mountain Resort, «Эльбрус», «Красная поляна», «Шерегеш» сияқты әйгілі курорттар үміткер болып келеді. «Шымбұлақтың» осындай мықты бәсекелестердің арасынан озып шығып, кезекті рет ТМД аумағында үздік атануы – Қазақстандағы тау-шаңғы саласының жоғары әлеуетін және елдің туристік беделін арттыруға қосқан зор үлесін айқын көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін ШЫМБҰЛАҚТАҒЫ ECODAY жайлы жазғанбыз.