Еліміздің саяси жүйесінде ірі әрі маңызды өзгеріс орын алды. Кезекті съез барысында делегаттар «Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы саяси шешімді бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Бұл қадам қоғамдағы прогрессивті және жауапты саяси күштердің бір мүддеге жұмылуын білдіретін, Жаңа Қазақстанның саяси келбетін айқындайтын тарихи сәт ретінде сипатталады. Елорда төркінінде өткен бұл алқалы жиынға елдің түкпір-түкпірінен 600-ден астам өкіл жиналды. Тізімде делегаттар, қоғамдық ұйымдар мен кәсіби бірлестіктердің белсенді мүшелері бар.
Партия жетекшілері мен мүшелерінің мәлімдемелері
Жиында сөз сөйлеген ұйым басшылары мен аймақтардан келген делегаттар бұл қадамның ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Саяси күштердің бірігуі мемлекеттік реформаларды ілгерілетуге соны серпін бермек.
«Бұл мемлекет пен қоғамның мүддесін, ел болашағын жеке амбициялардан жоғары қоюдың жарқын үлгісі болды. Жетілген қоғамның нышаны, қоғамға берілген маңызды белгі. Бүгінгі съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапаға ие болды, жаңа биікке көтерілді. Еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін, тегеуірінді күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегі ретінде бекідік», — деп мәлімдеді «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.
Өңірлердегі бастамашыл топтар да бұл шешімді толық қолдап, аймақтық құрылымдарды дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Мәселен, Маңғыстау облысынан келген «Әділет» партиясының мүшесі Наурызбек Мағдатов өз ойын былайша өрбітті:
«Осы партияның алғашқы күнінен бастап, осы салада бастамашыл топтың қызметімен бірге араласып, өңірден азаматтарды мемлекеттік тіркеумен айналысқан болатынбыз. Сол негізде енді осы «Әділет» партиясының аймақтық филиалдарында алдағы уақытта жұмыс жасауға, сол партияның аймақтағы, өңірдегі жанашырлары болуға дайынбыз».
Партия қатарына дәрігерлер мен мұғалімдер, шахтерлер мен заңгерлер секілді сан түрлі сала мамандары белсенді қосылуда. Партия мүшесі Арман Пирзадаевтың пікірінше, ұйымның негізгі құндылықтары — әділет, жауапкершілік, патриотизм, прогресс пен еңбекқорлық қазіргі заман талабына сай қажетті серпін беретін идеялар қатарына жатады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысы мен жаңа міндеттер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановка аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін арнайы алғыс білдірді. Президенттің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялағандай, Мемлекет басшысы бұл бірігуді Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи шешім деп бағалады. Ресми мәлімдемеде былай деп атап көрсетілген:
«Президент елімізді жаңғырту, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне «Аманат» партиясының елеулі үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді».
Съезд барысында тек бірігу мәселесі ғана емес, сонымен қатар партияның өңірлердегі филиалдарын құру және оларды құқықтық тұрғыдан тіркеу ережелері де бекітілді. «Аманат» партиясы «Әділет» партиясының құрамына енді. Ерлан Қошановқа 2022 жылдан бергі нәтижелі қызметі мен Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін Президент алғыс айтты. Инфрақұрылымды дамыту, өңірлік филиалдарды құру және тіркеу ережелері мақұлданды. Мемлекеттік реформалардың жаңа саяси тірегі пайда болды.
Бұл ауқымды саяси интеграция елдегі демократиялық үрдістерді тереңдетуге, заң үстемдігін нығайтуға және жаңартылған Конституция аясындағы реформаларды аймақтар деңгейінде сапалы жүзеге асыруға стратегиялық негіз болмақ.
Мемлекет басшысы АҚШ пен Иран қол жеткізген келісімді құптады — jananews.kz


