Жаһандық деңгейде экологтер мен халықаралық ұйымдар табиғатты қорғау мәселесіне қатысты дабыл қағуда.
Соңғы 35 жылда әлемде 489 млн гектар орман жойылып, тағы 460 млн гектар алқап ауыр зақымданған, — деп хабарлайды 24KZ.
Орманның азаюына не себеп және экономикаға әсері қандай?
Қазіргі таңда әлемдегі орман алқаптарының жалпы аумағы 4 миллиард гектардан асады, бұл Жер шары құрлығының шамамен 32 %-ын құрайды. Сонымен қатар планетамыздағы өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің 80 %-ы осы ормандарда тіршілік етеді. Алайда соңғы жылдары жасыл желек көлемінің күрт қысқаруына ауқымды факторлар әсер етуде:
— Жиілеп кеткен орман өрттері;
— Зиянкестердің көбеюі;
— Климаттың өзгеруінен туындаған келеңсіз құбылыстар.
Мәселен, климатолог Фридерика Оттоның айтуынша, Испанияда қараусыз қалған ауылдар мен өңделмеген егістіктердің кесірінен қураған шөптер кез келген ұшқыннан тез тұтанады. Ал Франция сияқты кейбір өңірлерде қолдан отырғызылған біртектес қарағайлы орман алқаптарының көп болуы өрттің таралуын қауіпті әрі тоқтатуды күрделендіреді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл мәселеге немқұрайлы қарау әлемдік экономикаға жыл сайын 6 триллион долларға дейін шығын әкелуі мүмкін. Бұл сома жаһандық ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) шамамен 8 %-ына тең.
Жаһандық мақсаттар мен орманды қалпына келтіру жобалары
Мамандардың есебінше, жердің тозуы мен құрғақшылыққа қарсы күреске бағытталған 2,5 триллион долларлық инвестиция 8 есеге дейін әлеуметтік пайда әкелуі ықтимал. Орманды қалпына келтіру жұмыстары тек табиғатты сақтап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және дәстүрлі білімді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол ашады.
Бұл мақсатқа жету үшін әлемнің 90-ға жуық елі 2030 жылға дейін 200 млн гектарға жуық орманды қалпына келтіруге келісіп отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта 18 ауқымды халықаралық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Сахара мен Сахельдегі «Ұлы жасыл қабырға» бастамасы мен Қытайдың «Үш солтүстік» бағдарламасы бар.
Жүргізуші куәлігіне теориялық емтихандарды қашықтықтан тапсыру мүмкіндігі енгізілмек — jananews.kz

