Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әлия Рүстемова Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Бұл тағайындауға дейін ол елорданың медицина саласын басқарып, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған еді.
1970 жылы Алматы облысында дүниеге келген жаңа вице-министрдің базалық білімі мен ғылыми ізденісі медицина саласымен тығыз байланысты. Ол Алматы мемлекеттік медициналық университетін және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1992 жылы Талғар аудандық ауруханасында дәрігер-терапевт болып бастаған Әлия Рүстемова, кейінгі жылдары Алматы қаласындағы №7 емхана мен №5 қалалық клиникалық ауруханада тәжірибе жинақтады. Тәжірибемен қатар ғылымды да қатар алып жүріп, 1994-2000 жылдары клиникалық ординатура мен аспирантурада білімін жетілдірді.
2000 жылдардан бастап Әлия Рүстемова денсаулық сақтау саласын ұйымдастыру және бақылау ісіне ауысты. Ол Талғар қаласындағы медициналық ұйымдарда бас дәрігердің орынбасары, кейіннен Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасында және медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінде басшылық лауазымдарды атқарды. Оның басқарушылық географиясы тек бір өңірмен шектелмей, Қызылорда облысы мен Алматы қаласындағы жауапты қызметтермен жалғасты.
2012 жылы Әлия Рүстемова Астана қаласына ауысып, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында инновациялық даму бөлімін басқарды. Кейін Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы департаменттерде басшылық етіп, 2018 жылдан бастап түбегейлі Астана қаласында еңбек ете бастады.
Вице-министр болғанға дейін ол Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап басқарма басшысы қызметін атқарды. Осылайша, Әлия Рүстемова дәрігерлік практика, ғылыми жұмыс және аймақтық басқару саласында жинаған мол тәжірибесімен министрлікке келіп отыр.


