Алматыда жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін республикалық референдумға дайындық жұмыстары өз мәресіне таяп қалды. 15 наурызға белгіленген маңызды саяси дода алдында мегаполис жұртшылығы ерекше белсенділік танытып отыр.
Қоғамдық диалог аясында Алматы тұрғындары референдумға қатысудың маңыздылығын терең түсініп, ел болашағына қатысты тарихи шешім қабылдауға дайын екендіктерін көрсетуде.
Ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны қаладағы барлық әлеуметтік топтарды толықтай қамтыды. Олардың қатарында жастар, қызмет көрсету саласының мамандары, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, педагогтар, дәрігерлер, спорт пен мәдениет өкілдері, сондай-ақ ірі өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының еңбек ұжымдары бар.
Электоралдық кезең аясында сарапшылар мен танымал қоғам қайраткерлерінің қатысуымен көптеген кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер мен ашық диалогтар ұйымдастырылды. Мамандар тұрғындарға Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндірді. Жалпыұлттық коалицияның Алматы қаласы бойынша баспасөз қызметінің ресми мәліметінше, бұл уақыт аралығында 103 мыңнан астам адамды қамтыған 537 түрлі іс-шара өткізілген.

Ресми жиындардан бөлек, қалада мерекелік көңіл-күй сыйлаған шаралар да көп болды. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, «Almaty Arena» кешенінде және ірі сауда ойын-сауық орталықтарында өткен «ALGYS FEST» және «Jas Stars» фестивальдері жастардың ерекше назарын аударды. Қатысушылар үшін арнайы концерттік бағдарламалар, спикерлердің мотивациялық сөздері, Мемлекеттік тумен патриоттық акциялар, сондай-ақ роботтар мен маскоттар қатысқан заманауи креативті шоулар ұйымдастырылды. Бұл көріністер әлеуметтік желілерде де кеңінен таралуда (Instagram желісіндегі видеоүндеулерге сілтеме).
Медиа тұлғалар, эстрада жұлдыздары, спортшылар, актерлер мен танымал блогерлер де қала жұртшылығын белсенділікке шақырды. Сонымен қатар, қарапайым еңбек адамдары – жүргізушілер, курьерлер және өндіріс жұмысшылары да өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық білдіріп, пікір алмасу алаңдарына белсене қатысты.
Үгіт-насихат жұмыстары қаланың барлық визуалды инфрақұрылымын қамтыды. Көшелердегі билбордтар, LED-экрандар, ғимараттардың медиафасадтары мен жерасты өткелдеріндегі баннерлер референдумға шақыратын ақпаратқа толы. Сондай-ақ, метро бекеттерінде, қоғамдық көліктерде, әуежай мен теміржол вокзалдарында аудиосүйемелдеумен арнайы хабарландырулар айтылып жатыр. Ал қаланың басты символы саналатын Көктөбе телемұнарасында дауыс беру күніне дейінгі кері санақ бейнеленген арнайы жарықдиодты ролик іске қосылды.
Естеріңізге сала кетейік, 15 наурыз күні қаланың әрбір тұрғыны өз таңдауын жасап, жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін бүкілхалықтық референдумға қатыса алады.


