Ақордада кадрлық ауыс-түйіс: Президенттің жаңа Баспасөз хатшысы тағайындалды

Ақорданың медиа және коммуникациялық блогында маңызды өзгеріс орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымынан босатылды. Оның орнына сыртқы саясат ведомствосының «айнасы» ретінде танылған тәжірибелі дипломат Айбек Смадияров келді.

Жаңа тағайындау туралы ресми ақпарат бүгін Ақорданың баспасөз қызметі тарапынан жарияланды. Президенттің өкімімен Айбек Серікбайұлы Смадияров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы қызметіне кірісті.

Жаңа баспасөз хатшысы кім? 1983 жылы туған Айбек Смадияров – дипломатиялық корпустың өкілі. Ол көпшілікке ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ретінде жақсы таныс. Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ түлегі қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген. Оның еңбек жолы 2005 жылы банк саласынан басталғанымен, кейінгі карьерасы толығымен дипломатиямен өрілген.

Айбек Смадияров әр жылдары Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаментінде, Қазақстанның Мажарстандағы және Вьетнамдағы Елшіліктерінде жауапты қызметтер атқарған. Ол 2012-2013 жылдары Президенттің Баспасөз қызметінде сарапшы болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бастап СІМ-нің ресми дауысы болған ол, 2025 жылы министрліктің Халықаралық ақпарат комитетін басқарған болатын. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дәрежесі бар маман енді Мемлекет басшысының ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға жауапты болмақ.

Ал қызметінен босатылған Руслан Желдібай – отандық медиа-менеджменттің жас буын өкілі. 1989 жылы Жамбыл облысында туған ол «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Уорик университетін тәмамдаған. Еңбек жолын «Қазақстан» телеарнасында қатардағы редактор болып бастаған Руслан Сұлтанұлы аз уақытта «Алматы» телеарнасының продюсері, кейіннен Ақпарат министрлігінде комитет төрағасының орынбасары деңгейіне дейін көтерілді.

Ол Президент Әкімшілігінде 2020 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2022-2023 жылдары Президенттің баспасөз хатшысы болды, кейіннен Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары және Президенттің көмекшісі лауазымдарын қатар атқарды. Руслан Желдібайдың кезеңі мемлекеттік коммуникацияның жаңа цифрлық форматқа көшуімен есте қалды. Оның бұдан кейінгі қызметі туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Референдумға артылған реформа: Қазақстан саясатының жаңа парағы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img