Қазақстандағы косметологиялық клиникалар мен сұлулық орталықтарында салмақ тастау мақсатында «пептидтік терапия» деп аталатын қызмет кеңінен ұсыныла бастады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасап, елімізде тіркелген GLP-1 тобына жататын препараттардың салмақ тастауға немесе арықтауға арналған ресми нұсқаулығы жоқ екенін хабарлады. Міндетті медициналық талаптар бойынша бұл дәрі-дәрмектерді тек дәрігердің рецептілі тағайындауымен және қатаң бақылауымен ғана қолдануға болады.
GLP-1 (Глюкагонға ұқсас пептид-1) деген не?
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, GLP-1 (глюкагонға ұқсас пептид-1) — тамақтанғаннан кейін адам ішегінде табиғи түрде бөлінетін маңызды гормон. Ол ұйқы безіне инсулин бөлу қажеттігі туралы белгі беріп, тамақтанғаннан кейін қандағы қант деңгейінің нормадан тыс көтерілмеуіне көмектеседі. GLP-1 асқазанның босау процесін баяулатып, мидағы тоқтық орталығына әсер етеді де, тоқтық сезімін ұзақ уақыт сақтауға ықпал етеді. Бұл гормон негізінде әзірленген GLP-1 рецепторларының агонистері жиырма жылға жуық уақыт бойы 2-типті қант диабетін емдеу үшін сәтті қолданылуда.
Қазақстанда тіркелген және рұқсат берілген препараттар
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде GLP-1 аналогтары бар. Алайда олардың бірде-біреуінде салмақты азайту немесе арықтау мақсатында қолдану жөнінде ресми емдік нұсқаулықтар қаралмаған.
Министрлік бұл дәрілердің арықтауға бағытталған емдік көрсетілімінің болмауын — олардың тіркеу құжаттарында салмақты бақылау мақсатындағы қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдейтін жеткілікті клиникалық деректердің жоқтығымен түсіндірді.
FDA мақұлдаған халықаралық препараттар:
АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) семіздікті емдеу және салмақты бақылау үшін Wegovy (семаглутид), Zepbound (тирзепатид), Fundayo (орфорглипрон) және Saxenda (лираглутид) сияқты арнайы препараттарды мақұлдаған.
Өз бетінше емделудің қауіптері мен жағымсыз әсерлері
Министрлік кез келген дәрілік препаратты дәрігердің тағайындауынсыз, кардио-эндокринологиялық қарсы көрсетілімдерді және клиникалық хаттамаларды ескермей, косметологиялық мақсатта қолдану адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде GLP-1 аналогтары бар бірнеше препарат тіркелген. Олардың қатарына лираглутид белсенді заты бар «Виктоза» мен «Лираглутид-Биокон», дулаглутид негізіндегі «Трулисити» және семаглутид заты бар «Семавик» дәрілері жатады. Алайда бұл препараттардың барлығы ресми түрде тек 2-типті қант диабетін емдеуге арналған және сату үшін дәрігердің рецептісі міндетті түрде талап етіледі. Мемлекеттік тізілімдегі бұл дәрілердің бірде-біреуінде салмақты азайту немесе арықтау мақсатында қолдану жөнінде ресми емдік нұсқаулықтар қаралмаған.
Препараттар қант диабетін емдеуде жоғары тиімділік көрсетеді және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырмайды. Дәріні қабылдау кезінде инъекция салынған жердің ісінуі, бас ауруы, назофарингит және бүйректің жедел зақымдану қаупі бар. Пептидтердің арықтау мақсатындағы ұзақ мерзімді қауіпсіздігін түпкілікті бағалау үшін әлі де косымша клиникалық зерттеулер талап етіледі.
2027 жылдан бастап автожолдардың экологиялық қауіпсіздігіне бірыңғай талап енгізіледі — jananews.kz


