Астанада Орталық Азиядағы Қытай провинциясының орталығы ашылды

Елорда төркінінде Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қытай (Цзянсу провинциясы) — Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті.

Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңына айналды. Форум аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылап, Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясы орталығының ашылғанын ресми түрде жариялады. Бұл қадам екіжақты қарым-қатынасты бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеруге және трансұлттық брендтер мен ірі индустриялық жобаларды елге тартуға бағытталған стратегиялық жоспардың бір бөлігі саналады.

Сауда айналымы және Ақтау портындағы жаңа логистикалық жоба

Бүгінде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 49 млрд долларды құрады. Сонымен қатар, Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі саналады. Қазіргі таңда Қытайдың өңір елдерімен жалпы сауда көлемінің шамамен 60 %-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім болды. Атап айтқанда, Ақтау портында жаңа контейнерлік жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жоба «есіктен шекараға дойын» қағидаты бойынша құрылатын бірыңғай халықаралық логистикалық тізбектің құрамдас бөлігіне айналады. Сондай-ақ тараптар Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру жөнінде уағдаласты. Алдағы кезеңде Цзянсу провинциясына қазақстандық бидай, ет және бал өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту көзделуде.

Стратегиялық инвестициялар және сервистік хабтың рөлі

Форум барысында әлемдегі жетекші индустриялық өңірлердің бірі саналатын Цзянсу провинциясының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Оның өнеркәсіптік өндіріс көлемі әлемдік өндірістің шамамен 4 %-ды құрайды. Қазіргі уақытта Цзянсу компаниялары Қазақстанда 63 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұл көрсеткіш провинцияның Орталық Азия елдеріне салған инвестицияларының жалпы көлемінің 47 %-ына тең. Форумда тараптар ортақ ынтымақтастықтың маңызы туралы өз ойларын ашық білдірді.

«Мемлекеттеріміз басшыларының стратегиялық көзқарасы мен өзара сенімге негізделген саясатының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тұрақты экономикалық өсімнің маңызды факторы. Бүгінде біз Цзянсу провинциясының кәсіпкерлерін өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік өңдеу, мұнай-газ химиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Астанадағы Цзянсу орталығының ашылуы өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы әрі жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді құралы болады деп сенемін», — деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Қытайлық тараптың өкілі Синь Чжансин де екі ел экономикаларының бірін-бірі толықтырып отырғанын және өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға толық мүмкіндік бар екенін растады:

«Қытай мен Қазақстан — ортақ болашаққа ұмтылған жақын достар әрі сенімді серіктестер. Екі ел арасында бірегей стратегиялық әріптестік қалыптасқан. Біз жасанды интеллект, жасыл экономика және электрондық коммерция сияқты жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз».

Астанада ашылған Орталық Азиядағы Цзянсу орталығы қытайлық компанияларға арналған бірыңғай сервистік хаб қызметін атқарады. Орталық консалтингтік қолдау көрсетіп, көрме қызметін ұйымдастыруға және «Жібек жолы» электрондық коммерциясын дамытуға жәрдемдеседі.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды сәтті жүзеге асыруға өзара толық мүдделі.

Қазақстан мен Швеция сауда нарығын кеңейтпек — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img