Ұрпақ саулығын нығайту, балалар мүгедектігінің деңгейін төмендету және дамуында ерекшеліктері бар бүлдіршіндерге қолдау көрсету мақсатында отандық медицина саласында ауқымды реформа басталды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әрбір бала мен оның отбасына «бір терезе» қағидаты бойынша ерте көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру үшін еліміздің 32 аудандық ауруханасының базасында жаңа пилоттық жобаны іске қосады. Бұл маңызды бастама дамуында бұзылыстар қаупі бар балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында ресми түрде талқыланды.
Патологияларды ерте анықтау және «алтын терезе» кезеңі
Үйлестіру кеңесінің отырысын ашқан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев балалар денсаулығын сақтау мәселесі мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін баса айтты. Бүгінде Қазақстанда балаларға туған сәтінен бастап скринингтің 5 түрі жүргізіледі. Жыл сайынғы профилактикалық тексерулермен 5 миллионнан астам бала қамтылған. Сонымен қатар, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 386 Даму және ерте араласу орталығы белсенді жұмыс істейді.
Дегенмен, жиынға қатысушы мамандар қолданыстағы түзету көмегі жүйесінің балалар мен отбасылардың сұранысын толық көлемде өтей алмай отырғанын алға тартты. Салдарынан көмек көрсетудің ең қолайлы кезеңі — баланың 3–5 жасқа дейінгі дамуындағы «алтын терезе» кезеңі жіберіп алынуы мүмкін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсынысы ескеріліп, пилоттық жобаны алғашқы кезеңде мына өңірлердің ауылдық деңгейдегі медициналық ұйымдарында іске қосу туралы шешім қабылданды:
— Алматы облысы;
— Шығыс Қазақстан облысы;
— Маңғыстау облысы;
— Жетісу облысы.
«Сәтті бастау» жоспары және бірыңғай цифрлық платформа
Үйлестіру кеңесінде 2025–2027 жылдарға арналған ерте жастағы балаларды дамыту және ерте араласу жөніндегі «Сәтті бастау» іс-шараларының кешенді жоспарын іске асыру барысы да пысықталды. Салааралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған бұл жиынға Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының мамандары қатысты.
«Сәтті бастау» ведомствоаралық жоспары аясында қолға алынатын негізгі бағыттар:
— Балалар патологиясын ерте анықтайтын мамандардың біліктілігін арттыру;
— Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру және тұрақты қаржыландыру тетіктерін енгізу;
— «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде egov.kz платформасы базасында 18 жасқа дейінгі балаларды қолдауға арналған бірыңғай ведомствоаралық цифрлық платформа құру.
Бұл заманауи цифрлық жүйе балаға көмек көрсету үдерісінің барлық кезеңдерінде оның денсаулығы мен дамуын үздіксіз бақылауға және отбасына уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай кешенді шаралар даму ерекшеліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты кепілі.
Қытай АҚШ-тың 56 компаниясына қатаң шектеулер енгізді — jananews.kz


