Бүгін – қазақтың ұлы ағартушысы, ғалым, тілтанушы, әдебиеттанушы әрі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толды.
Қазақ халқының санасын оятып, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу жолында өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның мұрасы терең құрметке ие. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ кәсіби журналистикасының, ұлттық тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаған кемеңгер ретінде тарихта қалды.
Ұлттық баспасөз бен қоғамдық ойдың көшбасшысы
Ұлы ағартушы қазақ халқына газеттің қоғамдық-саяси рөлін ұғындырып, баспасөздің тәуелсіздік пен өркениетке жетудегі маңызын жанкешті іс-әрекетімен дәлелдеді. 1913 жылы Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлымен бірлесе отырып негізін қалаған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға үлкен қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкеліп, халықтың рухын көтерді. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір әлеуметтік ойларымен сол кезеңнің шындығын ашып көрсетті. Абайдың ағартушылық дәстүрін жалғастыра отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігі, оқу-ағарту және саяси-әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді.
Ғылыми жаңалықтар мен ұлттық әліпби реформасы
Ғалым қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесін қалыптастырып, білім беру саласында төңкеріс жасады. Қазақ әліпбиін жетілдіріп, ұлттық әліпби жасап жаңа үлгі ұсынған реформатор атанды. Балалардың ана тілінде сауат ашуына арналған «Әліппе», «Тіл-құрал» секілді іргелі оқулықтар жазды. Тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек – «Әдебиет танытқыш» кітабы арқылы қазақ әдебиет тарихына, теориясы мен сынына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, жүйе жасады. Оның «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі.
Алаш қозғалысы және елдік мұрат
Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы елдің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігін нығайтуды басты мақсат етті. Ол қазақ мектебінің дамуына, мұғалімдер даярлау ісіне және ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына ерекше мән берді.
Ұлы ұстаз халықты әрдайым білімге, еңбекке, бірлікке және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеді. Оның ғылыми, рухани және қоғамдық мұрасы бүгінгі таңда да тәуелсіз қазақ қоғамының дамуы үшін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ауылға жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне мемлекеттік көмек көрсетіледі — jananews.kz

