Қазақстанның еңбек нарығы 2025 жылы айтарлықтай жандануды көрсетті, алайда сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік әлі де сақталып отыр.
Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының қорытынды деректеріне сүйенсек, жыл бойы порталда 1 миллион 328 мың бос жұмыс орны жарияланған. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан түскен түйіндемелер саны 1 миллион 453,8 мыңды құрады. Яғни, жұмыс сұраушылардың ұсынысы нарықтағы сұраныстан 125 мыңға асып түскен.
Жұмысшы мамандықтары трендте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талдауы қызықты үрдісті байқатты: нарықтағы барлық вакансияның тең жартысы (665,5 мың) жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бұл өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы «қол еңбегіне» деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Жұмыс іздеушілер де бұл сұранысқа сай бейімделуде – барлық түйіндемелердің 48%-ы дәл осы жұмысшы кәсіптері бойынша тіркелген.
Салалық құрылымға үңілсек, мемлекеттік сектордың үлесі басым. Ең көп вакансия білім беру саласында тіркелді – 380,6 мың орын (жалпы нарықтың 28,7%-ы). Үздік үштікті «өзге де қызмет түрлері» мен денсаулық сақтау саласы толықтырады. Бұл үш сала жалпы бос жұмыс орындарының жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.
Елдегі демографиялық және көші-қон процестері еңбек нарығының географиялық картасын екіге жарды.
-
Солтүстік пен Шығыста кадр тапшылығы өткір. Мәселен, Павлодар облысында 83 мың бос жұмыс орнына небәрі 50 мың түйіндеме түскен. Осыған ұқсас жағдай Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында да байқалады. Мұнда жұмыс берушілер маман таппай қиналуда.
-
Оңтүстік пен Батыста керісінше жағдай. Халық тығыз қоныстанған Түркістан облысында 96,7 мың жұмыс орнына 184,4 мың түйіндеме, ал Қызылорда облысында 35,7 мың орынға 92 мың түйіндеме сәйкес келген. Бұл аймақтарда бәсекелестік өте жоғары.
Кімдерге сұраныс жоғары және кімдер көп ақша табады?
2025 жылы жұмыс берушілер ең көп іздеген мамандар қатарында медбикелер, тәрбиешілер және жүргізушілер болды. Мәселен, медбикелерге 21,7 мың бос орын ұсынылса, орташа жалақы 143–178 мың теңге аралығында болды. Ал жұмыс іздеушілер арасында «ескі үрдіс» сақталған: ең көп түйіндеме бухгалтер (25,1 мың) мен заңгер (19,1 мың) лауазымдарына жіберілген. Бұл нарықтағы сұраныс пен даярланып жатқан мамандар арасындағы сәйкессіздікті тағы бір мәрте дәлелдейді.
Жалақы рейтингіне келетін болсақ, жұмыс берушілер тарапынан ең жомарт ұсыныстар техникалық және күрделі мамандықтарға жасалды. Флоттағы штурмандарға айына 875–900 мың теңге, тау-кен өнеркәсібіндегі учаске бастықтарының орынбасарларына 714 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылды. Ал жұмыс іздеушілердің «тәбеті» бұдан да жоғары: пилоттар орта есеппен 1,9 млн теңге, ал кеме капитандары 1,1 млн теңге жалақы күтетінін көрсеткен.
Жалпы алғанда, Enbek.kz статистикасы еңбек нарығының маусымдық сипатын да айқындады. Жұмыс іздеушілер жазғы шілде айында (148 мың түйіндеме) ерекше белсенділік танытса, жұмыс берушілердің сұранысы тамыз-қазан айларында шарықтау шегіне жеткен.


