Германияда жұмыссыздық артты

Еуропаның ең қуатты экономикасы саналатын Германияда еңбек нарығындағы жағдай күрделеніп барады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде Германиядағы жұмыссыздық деңгейі соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. DW агенттігінің хабарлауынша, Нюрнбергтегі Федералдық еңбек агенттігі жариялаған статистикалық мәліметтер экономикалық жағдайдың әлсірегенін айқын көрсетіп отыр.

Жылдың соңғы айы – желтоқсанда жұмыс іздеушілер қатары күрт артып, тіркелген жұмыссыздар саны бір айда 23 мың адамға көбейген. Нәтижесінде, елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, жыл соңында 6,2% межесіне жетті. Бұл көрсеткіштер неміс экономикасының тоқырау алдында тұрғанын немесе даму қарқынының айтарлықтай бәсеңдегенін білдіреді.

Федералдық еңбек агенттігінің басшысы Андреа Налес қалыптасқан жағдайға қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта еңбек нарығына экономикалық серпін жетіспейді, сол себепті жыл бойы даму көрсеткіштері әлсіз болған. «Біз төменгі деңгейге жеттік» деген сөздер дәл осы жағдайды сипаттауға дәл келеді.

Статистикаға тереңірек үңілсек, 2025 жылы Германиядағы жұмыспен қамту саласы 2013 жылдан бергі ең нашар нәтижені көрсетіп отыр. Орта есеппен жыл бойына 2,948 миллион адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл – соңғы 12 жылдағы ең жоғары орташа жылдық көрсеткіш. Сарапшылар мұны өндірістік қуаттың азаюымен және бизнес өкілдерінің болашаққа деген сенімсіздігімен байланыстырады.

Дағдарыстың тағы бір белгісі – жұмыс берушілер тарапынан сұраныстың төмендеуі. Компаниялар жаңа қызметкерлерді жалдауға асығар емес. 2025 жылы Федеральдық еңбек агенттігі орта есеппен 632 мың бос жұмыс орнын (вакансия) тіркеген. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 62 мыңға аз. Ең сорақысы, агенттік деректері бойынша, жаңадан жарияланған вакансиялардың саны соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен. Бұл тенденция 2026 жылы да еңбек нарығындағы жағдайдың оңалуы екіталай екенін аңғартады.

Луврдағы зергерлік бұйымдар ұрлығы қалай болды?

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img