Германияның солтүстігінде құс тұмауының (H5N1) жаңа ошақтары тіркелді. Қауіпті вирус елдің федералдық аумағы саналатын Мекленбург – Алдыңғы Помераниядағы екі бірдей құс фермасынан анықталды, деп хабарлайды DW басылымы.
Жергілікті билік індеттің таралуын болдырмау үшін құс өсіруші фермерлерді барынша сақ болуға шақыруда. Күз мезгілі басталғалы бері бұл аймақтағы үй құстары арасында құс тұмауының бес ошағы тіркелген. Ал жыл басынан бері есептегенде, мұндай жағдайлардың жалпы саны тоғызға жетіп отыр.
Бұл вирус тек үй құстары арасында ғана емес, жабайы табиғатта да белсенді тарап жатыр. Мамандар H5N1 вирусының әсіресе тырналар арасында жиі анықталып жатқанын айтады. Бұл жағдай індеттің фермаларға таралу қаупін одан әрі арттырады. Осыған байланысты жергілікті Ауыл шаруашылығы министрлігі құс өсірушілерді ерекше қырағылық танытуға шақырды.
Фермерлерге тауықтардың жиі өле бастауы, азық пен суды аз ішуі, жұмыртқа салудың кенеттен нашарлауы сынды белгілер байқалса, дереу ветеринарлық қызметке жүгінуге кеңес берілді.
Билік өкілдері бұл шаралар вирустың кең таралуын тоқтату және экономикалық шығынды азайту үшін маңызды екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Корея әуежай қызметкерлері ереуілге дайындалып жатқанын жазғанбыз.


