Елімізде жасанды интеллект бағытындағы халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді.
Астанадағы Alem.ai орталығында Astana Hub пен Бельгияның Гент университеті жасанды интеллект және математика бойынша бірлескен зертхана ашады, деп хабарлайды jananews.kz.
Жаңа зертхананың негізгі бағыттары
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен қолға алынған AI Labs тұжырымдамасы аясында ашылатын бұл зертхана екі елдің ғалымдарын бірлескен зерттеулер жүргізу, таланттарды даярлау, стартаптар құру және халықаралық қаржыландыру тарту мақсатында біріктіреді.
Математика – кез келген ЖИ моделінің негізі болғандықтан, зертхана іргелі математиканы жасанды интеллекттің қолданбалы міндеттерімен ұштастырмақ. Медицина саласында дертті алғашқы сатысында анықтауға көмектесетін тиімді ЖИ шешімін әзірлеу. Жекелендірілген оқыту үдерісінде жасанды интеллект пен нейротехнологияларды қолдану мүмкіндіктерін зерттеу.
Халықаралық ынтымақтастық және перспективалар
Жобаға Гент университетінің мамандарымен қатар қазақстандық ғылыми диаспора өкілдері де атсалысады. Тараптар Еуропалық Одақтың Horizon Europe бағдарламасының гранттарына бірлесіп өтінім беріп, зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, ресми сапар аясында ғарышты зерттеуге және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын арнайы телескопты табыстау рәсімі де өтті. Зертхана жұмысының негізгі нәтижелері ретінде жаңа буын таланттарын тәрбиелеу, технологиялық стартаптарды құру және ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі үздік бестікке кірді — jananews.kz

