Тоқаев: Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады

Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйлеп, жобаның ел үшін стратегиялық маңызын айқындап берді. Мемлекет басшысы инфрақұрылым, заңнамалық реттеу, инвестициялық ахуал, цифрландыру және әлеуметтік сала бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Заңнамалық негіз және білікті халықаралық сарапшыларды тарту

Президент Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыстарды жылдам әрі сапалы жүргізуді аса маңызды стратегиялық міндет деп атады. Құқықтық тұрақтылықты сақтау және бизнестің сенімін ақтау үшін реттеуші актілерді созбаққа салмай қабылдау қажет.

Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында ерекше құқықтық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту міндеттелді. Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерін бір жыл ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Дамыту жөніндегі кеңес бұл істі тез арада қолға алуы тиіс, әйтпесе халықаралық инвестициядан құр қалу қаупі бар.

Alatau City — Еліміздің алғашқы толық цифрлық криптоқаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа шаһардың заманауи технологиялық сипатына ерекше тоқталды. Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдасқан алғашқы толық цифрлық қала болады.

Ұзақмерзімді жоспар, Мастер жоспар және Даму стратегиясы сияқты құжаттардың барлығы үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады.

Халықаралық деңгейде бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленбек. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын және шикізат активтерін токенизациялау жобасын жеделдету тапсырылды.

Қолайлы инвестициялық ахуал және отандық бизнесті ынталандыру

Жаһандық капиталды тарту үшін инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша жоғары деңгейде қызмет көрсету және мемлекеттік кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету — кезек күттірмейтін міндет. Бұл ретте лауазымды тұлғаларға батыл шешімдер қабылдау жүктелді. Инвестиция тартуда IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина және білім беру салаларына басымдық беріледі.

Президент отандық бизнес өкілдерін сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруге шақырды. Шэньчжэнь сияқты қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта инвестицияның басым бөлігін ішкі салымдар құрағанын көрсеткен. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай және Сингапур үлгісімен мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылымды қалыптастырып береді. Сол себепті Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамытуға тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы тиіс.

Нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай және энергия үнемдеу мәселесі

Мемлекет басшысы Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты жағдай арасында қарама-қайшылық бар екенін ашық айтты. Қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және т.б.) тұрғындары электрдің жиі өшуін, интернет, жол және орталықтандырылған судың жоқтығын айтып шағымдануда. Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмысындағы олқылықтар сыналды.

Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе, ал ЭЫДҰ елдерінен 3,5 есе жоғары. Желілердегі электр мен жылу энергиясының шығыны шамамен 10 %-ды құрайды. Мысалы, 2024 жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиард киловатт сағаттан асқан, бұл бүкіл Атырау облысының тұтыну көлемінен көп.

Президент Халықаралық энергетика агенттігінің осы тұжырымдамасына назар аударуды тапсырды. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр қуатының құнынан 2-3 есе төмен. Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы әрі үнемдеп қолдануда үлгі болуы тиіс.

Қалада және іргелес аумақтарда жеке меншікке өтіп кеткен, бірақ игерілмей жатқан жерлер үлкен кедергі келтіруде. 2024-2025 жылдары 16 мың гектардан астам қолданылмай жатқан жер анықталса, оның тек 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылған. Бұл бағыттағы билік мекемелерінің қауқарсыздығы сынға алынды.

Әлеуметтік сала және «Заң мен Тәртіп» саясаты

Президент соңғы үш жылда еліміздің әлеуметтік саласында атқарылған ауқымды жұмыстарды тізбектеді:

746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынды (үштен бірі – «Келешек мектептері»);

813 денсаулық сақтау және 307 спорт нысаны ашылды;

Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары іске қосылды, қазір мұндай нысандар Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған және Шымкентте салынуда. Аймақтарда әлеуметтік нысандардың аздығынан халықтың Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударуы (ішкі иммиграцияның теріс үдерісі) реттелуі тиіс.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы әрбір әкім үшін конституциялық міндет екенін ескертті. Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіпті бұзатын вандализм әрекеттеріне қатаң тосқауыл қойып, «Заң мен Тәртіп» саясатын батыл жүргізуді тапсырды.

«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз», — деп түйіндеді Президент.

Алатау қаласында ірі компаниялар бой көтереді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img