Елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлік субъектілері үшін қолайлы бизнес-климат қалыптастыру бағытында маңызды технологиялық жаңалық енгізілді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» (КБЖК) порталында «Дара кәсіпкердің қызметін тоқтату» жаңа сервисін, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді (ЖШС) жеңілдетілген тәртіппен тарату жөніндегі электронды қызметті ресми түрде іске қосты. Бұл реформа кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға тікелей бармай-ақ, «бір терезе» қағидаты аясында өз бизнесін толықтай электронды форматта жабуына жол ашады.
Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетінің мүмкіндіктері
КБЖК — отандық бизнес өкілдеріне Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің негізгі цифрлы сервистерін біріктіретін біртұтас мемлекеттік экожүйе түрі. Платформа арқылы пайдаланушылар маңызды хабарламаларды жедел алып, салық қызметтерін қолдана алады. Сондай-ақ, аналитикалық құралдармен жұмыс істеп, контрагенттермен өзара әрекеттесуге және жасанды интеллект (ЖИ) көмекшісінің онлайн кеңесіне жүгінуге мүмкіндік бар. Бұған дейін дара кәсіпкерлікті (ЖК) жабу немесе ЖШС-ті тарату рәсімі тиісті салық органдарына баруды, ұзын-сонар кезек пен көптеген құжаттар пакетін дайындауды талап ететін. Ендігі кезекте барлық процесс — алғашқы өтініш беруден бастап, заңды шешімнің шығуына дейін бірыңғай кабинетте онлайн режімде жүзеге асырылады.
Сервисті енгізу кезеңдері және автоматтандыру деңгейі
Жаңа сервистің іске қосылуы ЖК-ні тоқтату мен ЖШС-ті таратудың қолданыстағы заңды тәртібін өзгертпейді. Барлық рәсім бұрынғыша еліміздің салық заңнамасының нормаларымен реттеледі. Тың функция тек цифрлы өзара іс-қимыл арқылы процесті барынша жайлы, жылдам және ашық етуді көздейді. Тың тетікті өндіріске енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда:
Қазіргі уақытта сервис жеке кәсіпкерлерге (ЖК), резидент заңды тұлғаларға (ЖШС) және олардың еліміздегі ресми филиалдары мен құрылымдық бөлімшелеріне толық қолжетімді. Болашақта бұл жүйені жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар), бірлескен жеке кәсіпкерлікке қатысушылар, сондай-ақ бірігіп қайта құрылымдаудан өтіп жатқан заңды тұлғалар да кеңінен пайдалана алады.
Дара кәсіпкерлер үшін өтініш беруден бастап түпкілікті нәтижені алғанға дейінгі барлық процесс жүйеде толық автоматтандырылған. Ал ЖШС-тер үшін қызмет ішінара автоматтандырылған, алайда 2 жағдайда да қажетті рәсімдер электронды форматта орындалады.
ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов КБЖК бизнеске бағытталған біртұтас цифрлы экожүйе ретінде дамып келе жатқанын баса айтты.
«Біз жеке кабинеттің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырамыз. Цифрлы сервис ЖК қызметін тоқтатудан бастап ЖШС таратуға дейінгі процесті тез, ыңғайлы және қажетсіз әкімшілік кедергілерсіз өтуге мүмкіндік береді», – деді Әсет Нұрланұлы.
Жаңа цифрлы тетіктің негізгі артықшылықтары мен қолдану нұсқаулығы
Салықтық есептен шығару алгоритмі
Енгізілген бұл заманауи сервис еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің есептілігін жеңілдетіп, мемлекет пен кәсіпкер арасындағы цифрлы байланысты жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Президент БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімін өткізді — jananews.kz


