Еліміздің оңтүстік астанасы Алматы тек спорттың ғана емес, жаһандық жоғары білім беру саласының да басты орталығына айналды. Маусымның 12-13 күндері Алматы қаласында Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Университет президенттерінің Халықаралық ассоциациясының (International Association of University Presidents – IAUP Central Asia 2026) айтулы конференциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Халықаралық шараға әлемнің 15-тен астам елінен 100-ден аса жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен эксперттік қоғамдастық өкілдері жиналды. Еуропа, Солтүстік Америка және Азия-Тынықмұхиттық аймақтан келген делегаттар заманауи әлеуметтік, экономикалық және экологиялық қиындықтарды талқылауды мақсат етті.
Іс-шара барысында Жасанды интеллекттің өршуі, студенттердің заманауи ойлау қабілеті, жекеменшік университеттердің дамуы және жаңадан енгізілген жобалардың студенттерге қалай ықпал ететіні туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ Сингапур, Жапония, Корея, Түркия, Мексика, АҚШ, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Өзбекстан және тағы басқа елдердегі білім беру бағыттары мен заманға сай өзгерістері ортаға салынды.
Саясат Нұрбек пен халықаралық спикерлердің мәлімдемелері
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген маңызды тұлғалар білімнің болашағы мен жаһандық сын-қатерлерге қатысты өз ойларын ашық жеткізді. Мұнда халықаралық ынтымақтастық пен жасанды интеллекттің білім жүйесіне тигізер әсері басты назарда болды.
«Орталық Азия – әлемдегі ең көп жастардың шоғырланған өңірі. Сондықтан осындай халықаралық конференциялардың аймақ үшін маңызы ерекше. Мұндай алаңдар тек пікір алмасу немесе өзекті мәселелерді талқылау үшін ғана ұйымдастырылмайды. Ең бастысы – халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп шешім табуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады», – деп атап өтті IAUP президенті Шон Чен (Қытай).
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар мен цифрландыру үрдісіне тоқталды:
«Қазақстан жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Соңғы жылдары маңызды заңнамалық бастамалар қабылданып, университеттерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. Соның ішінде эндаумент-қорларды дамытуға және жекеменшік жоғары оқу орындарының қызметін жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі конференция академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыруға, ғылыми серіктестікті дамытуға және болашақ мамандарын даярлауға жаңа серпін береді. Тәлімгерлер чат джипитиді игеріп, лицензия алатын болады. Әртүрлі білім беру саласында жасанды интеллекттің рөлі ерекше, себебі ол білім беру жүйесінің трансформациясын жеделдететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Біз із қалдыруға тырысамыз, белсенді адаптацияға кадрлар бөліміне шешімі болу үшін. AlmaU університету жекеменшік жоғары оқу орындарының ірі халықаралық бастамаларды жүзеге асырып, еліміздин білім беру экожүйесінің дамуына елеулі үлес қоса алатынын көрсетіп келеді», – деді Саясат Нұрбек.
Еліміздің білім және ғылым саласындағы өзге де ауқымды жаңалықтары мен стратегиялық бағдарламаларын сайтымыздың білім және ғылым айдарынан тұрақты түрде оқи аласыздар.
Академиялық сапа мен рейтингтер: Сарапшылардың пікірталасы
Конференция барысында спикерлер 5 адамнан бөлініп, кезек бойынша әртүрлі тақырыптарды сынға алды. Білім саласына келешекте қандай өзгерістер енгізіледі? Студенттер үшін не маңызды? Адамның ойлау қабілетіне не әсер етеді? Экология қалай өзгеруде? – деген сұрақтар ауқымды түрде талқыланды.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығының директоры Алибек Мадибеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Самғат Ермекбаев, New England Commission of Higher Education президенті Лоуренс М. Шалл, Ұлыбританияның Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттігінің (QAA) атқарушы директоры Роб Страуд және Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов қатысты.
Ұлыбританиялық маман Роб Страуд білім беру үдерістеріндегі жергілікті ерекшеліктерге тоқталды:
«Бізде өз білім беру жүйеміз бар, алайда оны енгізбейміз ғой. Әр жердің өз білім беру жүйесі бар, оның барлығын тыңдаймыз. Ұлыбританияда QAA аясында біз білім беру стандарттарын тұрақты түрде қайта қарап отырамыз. Ең жоғары импактке қол жеткізу үшін стандарттарды үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру қажет. Контекстуализация аса маңызды, себебі әр елдің өз ерекшелігі, құндылықтары және қоғамдық сұраныстары бар. Бұрын Ұлыбританияда студенттердің қанша білім алғаны маңызды болса, бүгінде сол білімді қалай қолданатыны әлдеқайда маңызды», – деді ол.
Мирас Дауленов университеттердің қоғамға тигізетін нақты пайдасы (импакт) туралы ойымен бөлісті:
«Қоғамдық ықпал тұрғысынан AlmaU-ды әсері жоғары университеттердің бірі ретінде атауға болады. Тіпті Гарвард өкілдерінің өзі қоғамдық импактіні толыққанды өлшеуге ұмтылмайтынын айтады. Ықпалдың басты көрсеткіші тек сандық метрикалар емес, қоғам мен әлемге нақты пайда әкелетін түлектер. Олардың көпшілігі АҚШ-тың президенттері болғанын да білеміз. Тек рейтингтер мен көрсеткіштерге назар аударып, қоғамға тигізетін нақты әсерін екінші орынға қоятын университеттер де бар», – деп атап өтті Мирас Дауленов.
Самғат Ермекбаев отандық жоғары оқу орындарының алдында тұрған ресурстық шектеулер мен шетелдік студенттер ағыны туралы мәселені көтерді:
«Білім тек қана жоба емес, 3 жылда 85 елден 35 000 студент оқиды елімізде. Егерде олардың саны көбейетін болса, біз мемлекеттен қаржы алмас едік. Алайда қолда бар ресурстар бұл сұранысты толық қамтамасыз етуге әрдайым жеткілікті бола бермейді. Өтініштердің көбеюіне халықаралық білім беру бағдарламалары мен қос диплом жобаларының дамуы ықпал етті. Сонымен қатар дарынды жастардың өз елінде сапалы білім алып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл үшін білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, университеттердің академиялық әлеуетін нығайту қажет. Сонымен бірге қазіргі рейтингтік жүйелер көбінесе маркетингтік көрсеткіштер мен рейтингтік позицияларға басымдық береді, ал білім беру үдерістерінің сапасы мен академиялық ортаның мазмұны көп жағдайда назардан тыс қалады. Дегенмен талапкерлер үшін университет таңдауда рейтингтер маңызды фактор болып қала береді. 31 000 студент қытайдан келіп оқиды, тағы да Ресейден де қаншама студент бар, біз Украина тағы да басқа елдерден де қабылдағымыз келеді, бірақ бізде ресурс жетпейді. 50 жобадай жасағымыз келеді осыған байланысты, алайда олар жалғасын таппайды. Университеттің өзінің мықты тұсы болуы тиіс», – деп мәлімдеді Самғат Ермекбаев.
Америкалық аккредиттеу жүйесінің жетекшісі Лоуренс М. Шалл стандарттарды жеңілдету тәжірибесін ұсынды:
«NECHE аккредиттеу тәжірибесінде біз талаптарға толық сәйкес келмесе де, өзіндік тиімді әрі инновациялық тәжірибелерді жүзеге асырып отырған университеттерді жиі кездестіреміз. Осыған байланысты аккредиттеу жүйесін қайта қарап, стандарттар санын 9-дан 5-ке дейін қысқарттық. Бұл өзгерістің мақсаты университеттердің жұмысын жеңілдету емес, олардың өз жетістіктері мен қызмет нәтижелерін аккредиттеу барысында неғұрлым мазмұнды әрі кешенді түрде көрсетуіне мүмкіндік беру болды», – деді Лоуренс М. Шалл.
Кәсіпкерлік университеттер және орнықты даму модельдері
Бірінші панельдік сессия барысында қатысушылар кәсіпкерлік университеттерді экономикалық және қоғамдық өзгерістердің драйвері ретінде талқылады. Сессияны кәсіпкерлік білім беру саласындағы әлемнің жетекші университеттерінің бірі – Babson College деканы Амир Реза жүргізді.
«Babson College колледжінде біз студенттердің кәсіпкерлік бастамаларын шектемей, оларға болашақты қалыптастыруға қажетті дағдылар мен құралдарды беруге ұмтыламыз. Біздің мақсатымыз – тек стартап құруды үйрету емес, жастардың жаңа мүмкіндіктер жасап, әлемді өзгерте алатын ойлау қабілетін дамыту», – деп бөлісті Амир Реза.
Пікірталасқа Kusto Group компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы, AlmaU Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев қатысып, жастардың дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді:
«Бүгінде Орталық Азиядағы көптеген студенттер ересек өмірдің нақты талаптары мен сын-қатерлеріне толық дайын емес. Жақсы кеңес алтыннан қымбат, алайда жастардың көбі кеңес сұраудың өзіне мән бермейді. Мен ашықтыққа, адалдыққа және тұлғалық дамуға сенемін. Дағдылар – туа бітетін қасиет емес. Оларды өмір бойы дамытып, жетілдіруге болады», – деп атап өтті ол.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев университеттер мен бизнестің өзара әрекеттесуінің маңыздылығы туралы айтса, Team University бас директоры Хикмат Абдурахманов Өзбекстандағы жеке университеттерде кәсіпкерлік білім беру мен инновациялық мәдениетті дамыту тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Future Readiness Forum және Xponential Group ұйымдарының президенті әрі бас атқарушы директоры Тарик Курейши де өз тәжірибесін ұсынды.
QS Quacquarelli Symonds ұйымымен серіктестікте өткен «Жоғары білім және орнықты даму: әлемге қажетті университеттер» атты сессияны QS Impact жобаларының жетекшісі Зоя Зайцева жүргізді.
«Жасанды интеллект сауаттылығы бойынша халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан студенттерді жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге даярлау деңгейі бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Алайда қолда бар мүмкіндіктерге қарамастан, түлектердің жұмыс берушілердің күткен талаптарына сәйкестігі бойынша көрсеткіштер әлі де жеткілікті деңгейде емес. Бұған білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы алшақтық, сондай-ақ құзыреттерге қойылатын талаптардың жылдам өзгеруі сияқты түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Бұл университеттер, бизнес және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, заманауи білім беру бағдарламаларын қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді», – деді Зоя Зайцева.
Sunway University президенті әрі вице-канцлері Сибрандес Поппема сапалы білім берудің құндылықтық негіздерін атап өтті:
«Sunway University-де біз сапалы білім беру тек кәсіби (hard skills) және икемді дағдыларды (soft skills) дамытуымен шектелмейді деп есептейміз. Сонымен қатар студенттердің құндылықтарын, мінез-құлкын және дүниетанымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Біздің мақсатымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды ғана емес, қоғамның дамуына және жаһандық мәселелерді шешуге үлес қоса алатын жауапты азаматтарды тәрбиелеу. Түлектеріміздин оқу аяқталғаннан кейінгі алғашқы алты ай ішінде жоғары деңгейде жұмысқа орналасуы осы тәсілдің тиімділігін дәлелдейді. Сонымен қатар біз білім алуды үздіксіз процесс ретінде қарастырамыз және түлектерімізге оқуын аяқтағаннан кейін екі жыл бойы lifelong learning қағидаты аясында білімін жалғастыру мүмкіндігін ұсынамыз. Біз үшін түлектердің қоғамға қызмет етіп, қоғамдық құндылық қалыптастыруы аса маңызды. Себебі қоғамды басқаруға ниетті адамдар әрдайым көп болғанымен, оның дамуына жауапкершілікпен үлес қосуға дайын азаматтар әлдеқайда аз», – деді Сибрандес Поппема.
Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің білім беру жөніндегі ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева университеттердің Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлі туралы баяндаса, Орталық Азия университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Сарварбек Рахматиллаев Өзбекстанның орнықты даму қағидаттарын білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Азиядағы жеке жоғары білім беру модельдері
Үшінші панельдік сессия Азиядағы жеке жоғары білім беру жүйесінің әртүрлі модельдері мен ортақ сын-қатерлеріне арналды. Пікірталасты AlmaU Тұрақты даму орталығының директоры Анель Кулахметова жүргізді.
Seoul Cyber University президенті Ын-Джу Ли Корея нарығындағы сұранысқа тоқталды:
«Кореяда біз 20-30 жас аралығындағы білім алуға және жаңа дағдыларды меңгеруге ұмтылатын адамдар санының тұрақты өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Еңбек нарығы технологиялық мамандықтарға сұраныстың жоғары екенін көрсетуде, сондықтан университеттер білім беру бағдарламаларын жаңа талаптарға бейімдеуде. Сонымен қатар біз қоғамға қызмет ету мен студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән береміз», – деді Ын-Джу Ли.
IAUP бас хатшысы әрі Tanioka Gakuen білім беру қорының вице-канцлері Тацуро Таниока Жапонияда жеке жоғары оқу орындарының үлесі шамамен 80% екенін атап өтті:
«Бұл тәжірибе мемлекет, академиялық қауымдастық және бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамыту қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Халықаралық серіктестік пен үздік тәжірибелермен алмасу университеттерге заман талабына тиімді жауап беруге және жаһандық еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Нишанташи университетінің ректоры Ayşegül Komsuoğlu Çıtıpıtıoğlu Түркиядағы жеке жоғары білім берудің даму үрдістері мен студенттердің сыни ойлау қабілетіне тоқталды:
«Біз студенттерге үйрете алатын ең маңызды нәрсе – өз бетінше ойлау қабілеті. Қазіргі студенттерге жылдам өзгеретін әлемге бейімделу дағдысы жиі жетіспейді. Сондықтан көшбасшылық қасиеттерді, этикалық құзыреттерді және сыни ойлауды дамытуға бағытталған бағдарламалар қажет», – деді.
SDU университетінің проректоры Давронжон Гаипов Қазақстандағы жеке жоғары білім беру секторындағы білім сапасын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді:
«Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – студенттердің тұрақты даму бағытын белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Барлық студенттер алдымен Тұрақты даму мақсаттарының (SDGs) теориялық негіздерін меңгеріп, кейін алған білімдерін нақты жобалар арқылы тәжірибеде қолданады», – деді.
«Орталық Азия: жаһандық жоғары білімдегі жаңа үн»
Келесі панельдік сессия «Орталық Азия: жаһандық жоғары білімдегі жаңа үн» тақырыбына арналды және Rectors’ Club: Central Asia+ пен серіктестікте өтті. Модератор ретінде Йель университетінің Орталық Азия бағдарламасының доценті Нариман Шелекпаев сөз сөйледі. Талқылауға AlmaU негізін қалаушысы және президенті Асылбек Кожахметов, McGill University доценті Эмма Харден-Вольфсон, Орталық Азиядағы Америка университетінің вице-президенті Чинара Рыскулова, Хазар университетінің экономика және менеджмент факультетінің деканы Дилара Расулова және ALT University ректоры Меруерт Жармағамбетова қатысты.
AlmaU негізін қалаушы әрі президенті Асылбек Кожахметов аймақтық білім беру брендін қалыптастыру қажеттілігін айтты:
«Бүгінде университеттердің сапасы көбіне рейтингтер мен аккредитациялар арқылы бағаланады. Мен сапаға ұмтылуды қолдаймын, бірақ оны тек Гарвардпен салыстыру арқылы өлшеуге болмайды. Үш жыл бұрын біз Орталық Азия ректорлар одағын құрып, “Tolyq Adam” бағдарламасын әзірледік. Бүгінде осы жұмыстың алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз – The Awards Asia 2026 сыйлығы тағайындалды. Бұл Орталық Азия университеттерінің өздерінің табысты бастамаларын қалыптастыра алатынын көрсетеді», – деді Асылбек Кожахметов.
Макгилл университетінің доценті Эмма Харден-Вольфсон географиялық және автономиялық факторларға тоқталды:
«Жоғары білім беру саласындағы негізгі мәселелердің бірі – университеттердің автономиясы мен мемлекеттік реттеу арасындағы тепе-теңдік. Кейбір елдерде университеттер жоғары деңгейдегі дербестікке ие болып, білім беру бағдарламаларыиың құнын өздері белгілейді, ал басқа мемлекеттерде мемлекеттік бақылау күшейтілген. Географиялық орналасу да маңызды фактор болып табылады. Орталық Азия Еуразияның дәл ортасында орналасқан, бұл бір жағынан үлкен мүмкіндік берсе, екінші жағынан көршілес өңірлердегі күрделі жағдайларды ескеруді талап етеді. Университеттер өздерінің мәдени мұрасы мен бірегей болмысын сақтай отырып, өзіндік даму модельдерін қалыптастыра алады», – деді.
Жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің трансформациясы
Конференция аясындағы ерекше оқиғалардың бірі жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің трансформациясына арналған «Universities after AI: A Blueprint for the Next Generation Institutions of Learning» халықаралық басылымының таныстырылымы болды. Спикерлер қатарында Global Education Futures негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукша, IAUP президенті әрі Sias University негізін қалаушы Шон Чен, Daffodil International University негізін қалаушы әрі төрағасы Сабур Хан, Кавказ университетінің президенті және IAUP-тың бұрынғы президенті Каха Шенгелия, сондай-ақ Yandex Education ұйымының білім беру жөніндегі кеңесшісі Наталья Цеботари болды. Global Education Futures негізін қалаушы әрі директоры Павел Лукша жаңа технологиялардың қаупі мен мүмкіндіктерін атап өтті:
«Жасанды интеллект өміріміздің барлық саласына қарқынды еніп, өзін-өзі үздіксіз дамытып келеді. Егер бұрын университеттердің негізгі міндеті білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету болса, бүгінде жасанды интеллект кез келген ақпаратқа дерлік қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жоғары білім берудің дәстүрлі қағидаттары жаңа сын-қатерлерге тап болып, қайта қарауды қажет етуде. Бұл өзгерістердің әсері әсіресе 2-эшелондағы университеттерде айқын байқалады. Дегенмен олардың маңызды артықшылығы бар: көпғасырлық дәстүрлердің шектеуіне тәуелді болмағандықтан, олар жаңа жағдайларға жылдамырақ бейімделе алады. Сонымен қатар жасанды интеллектіні үздіксіз қолданудың өз тәуекелдері де бар: адамдар ақпаратты бұрынғыдан әлдеқайда тез алады, бірақ оны дәл сондай жылдам ұмытып қалуы мүмкін. Университеттің мақсаты тек білім беру емес. Оның басты миссиясы – студентке әлемнің тұтас бейнесін көруге, құбылыстардың өзара байланысын түсінуге және өз орнын табуға көмектесу. Біздің кітабымыз да дәл осы идеяларға арналған», – деп бөлісті Павел Лукша.
Сабур Хан дәстүрлі дағдылардың жоғалу қаупі бар екенін алға тартты:
«Калькуляторлар пайда болған кезде көптеген адамдар біртіндеп ойша есептеуді азайта бастады. Бүгінде соған ұқсас жағдай жасанды интеллектпен де қайталануда: кейбір қалыптасқан дағдылардың жоғалып кету қаупі бар. Сондықтан университеттер тек ИИ-ді енгізумен шектелмей, технологиялар адам әлеуетін дамытуға көмектесетін білім беру ортасын қалыптастыруы қажет. Біз көптеген студенттердің университетте жалығып қалатынын және көбіне тек диплом алу үшін келетінін білеміз. Қазіргі заманғы жоғары оқу орындарына дәстүрлі кітапханалармен қатар, студенттер инновациялар жасап, болашаққа қажетті практикалық дағдыларды меңгере алатын AI-зертханалар да қажет», – деді Сабур Хан.
2026 жылғы 13 маусымда конференция жұмысы AlmaU университетінде жалғасын тапты. IAUP Central Asia 2026 конференциясының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Бұл іс-шара еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, академиялық байланыстарды дамытуға, білім беру саласына жаңа серіктестіктер мен инвестициялар тартуға, сондай-ақ Қазақстанның ғылым, білім және инновациялардың өңірлік орталығы ретіндегі тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Әлемдік ұйымдар мен білім ұйымдарының басшылары енгізілген өзгерістердің нәтижесімен бөлісіп, жасанды интеллекттің әсері мен студенттердің болашағы туралы пікір алмасты.
Автор: Аружан Султанбек
Қазақстан Премьер-лигасы: «Қайрат» тағы да ұпай жоғалтты — jananews.kz


