Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Психологиялық қызмет туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, ресми түрде қабылданды. Бұл маңызды құжат бұған дейін, яғни 2026 жылғы 8 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған еді.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметіне сәйкес, жаңа заң осы саладағы алғашқы кешенді құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып, мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, қағидаттары мен міндеттерін нақты белгілейді.
Заң аясында енгізілген негізгі нормалар мен талаптар
Жаңа заңнамалық құжат отандық психология саласының сапасын арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған бірнеше іргелі ережелерді бекітті:
Психологтар мен психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттері заңдық деңгейде айқындалды. Бұған қызмет барысында құпиялылықты қамтамасыз ету, хабардар етілген келісім алу, сондай-ақ кәсіптік және әдеп стандарттарын қатаң сақтау талаптары кіреді.
Елде психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі енгізіледі. Осы тізілімге тіркелу — психологтар үшін кәсіби қызметті заңды түрде жүзеге асырудың міндетті шарты болып саналады.
Халықаралық практикаға сай, психологиялық көмек пен медициналық қызметтің шекарасы нақтыланды. Ең бастысы, психологтар тарапынан науқастарды дәрі-дәрмекпен емдеуге үзілді-кесілді тыйым салынды. Бұл азаматтарға психологиялық жәрдем көрсету кезінде олардың қауіпсіздігін барынша арттыруға мүмкіндік береді.
Салада психолог қызметінің құзыретіне, біліктілігіне және мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын арнайы кәсіптік стандарт енгізіледі. Бұл халыққа көрсетілекен қызметтер сапасының бірыңғай және жоғары деңгейін қолдауға жол ашады.
Психологиялық көмек көрсетудің күндізгі, қашықтан және аралас нысандары мен оны беру шарттары заңдастырылды. Оның ішінде көмек алушы үшін еріктілік қағидаты, жазбаша хабардар етілген келісім және ақпараттың қолжетімділігі басты негіз болып бекітілді.
Депутаттар енгізген қосымша тыйымдар мен жаңалықтар
Заң жобасын талқылау және өңдеу жұмыстары барысында Парламент депутаттары құжатты бірнеше өзекті әрі тиімді нормалармен толықтырды:
-
Психологиялық қызмет субъектілеріне қойылатын тиісті талаптарды бекіте отырып, бүгінгі таңда кең етек жайған онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсету мәселелері алғаш рет заңды түрде реттелді.
-
Психологтардың кәсіби Әдеп кодексін міндетті түрде сақтауы бойынша арнайы талаптар енгізілді.
-
Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында ерекше шектеу қойылды. Комитет ақпаратына сүйенсек, бұдан былай адамның санасына әсер ететін, атап айтқанда, психикаға белсенді әсер ететін заттарды немесе психикаға белсенді әсер ететін арнайы әдістерді қолдануға заң жүзінде толықтай тыйым салынды.
Елімізде тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілер тізімі шықты — jananews.kz


