Қазақстандық оқушылар су асты робототехникасынан АҚШ-та өткен International SeaPerch Challenge 2026 әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жетістік отандық жас инженерлердің халықаралық аренадағы жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әлем чемпионаты және қазақстандық команданың құрамы
Халықаралық финалдық кезең 2026 жылғы 30-31 мамыр аралығында University of Maryland базасында өтті. Дүниежүзілік додада ел намысын Бибігүл Төлегенова атындағы шығармашылық мектептің «Nomadic Guardians» командасы қорғады. Команданың дарынды құрамының оқушылары Ерсұлтан Мұқатай, Даяна Жұмахан, Әмина Өмірзакова, Адель Бауыржанова, Әмірхан Елубай, Ярослав Врублевский, Азат Орал, Малика Ноғаева және Әлихан Мұхтарұлы. Жас робототехниктерді жарысқа Шыңғыс Ахметулаев, Анель Сауданбекова және Дарын Ибраев дайындаған.
Техникалық аудиттегі жоғары көрсеткіш
Әлем чемпионатының ең маңызды кезеңдерінің бірі — техникалық аудит секциясында отандық оқушылардың әзірлеген инженерлік есебі қазылар алқасы тарапынан өте жоғары бағаға ие болды. Қазылар алқасы қазақстандық ұжымның инженерлік жобасына мүмкін болған 94 балдың 88-ін берді. Бұл жоғары ұпайдың нәтижесінде «Nomadic Guardians» командасы Technical Design Report номинациясы бойынша әлемдік рейтингте үздік 15-орынға (ТОП-15) табан тіреді.
Айта кететін жайт, биылғы жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 210-нан астам ең үздік технологиялық команда қатысқан болатын. Қазақстандық өрендер техникалық аудит бойынша ондаған мықты шетелдік қарсыластарын артта қалдырды, — деп хабарлайды kazinform.
Финалға барар жол: Аймақтық кубогтегі жеңіс
«Nomadic Guardians» командасы АҚШ-тағы әлемдік финалға жолдаманы бірден алған жоқ. Олар бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) ұйымдастырылған SeaPerch West Asia аймақтық кубогінде бақ сынап, жоғары санат бойынша абсолютті жеңімпаз атану арқылы әлем чемпионатына ресми жолдама иеленген еді.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл тарихи нәтиже қазақстандық оқушылардың инженерлік даярлығының жоғары деңгейін және олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті.


