Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тікелей нұсқауына сәйкес, 2026 жылғы 15–19 маусым аралығында еліміз бойынша «Ішімдіксіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы жоғары деңгейде өтуде.
Қызылорда облысында ауыл ақсақалдары, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және белсенді жастардың жүйелі әрі бірлескен жұмысының нәтижесінде аймақтағы салауатты елді мекендердің қатары тағы да толықты. Бұған дейін облыс бойынша 39 ауыл «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесіне ие болса, қазіргі таңда олардың саны 47-ге жетті. Бұл әлеуметтік-экологиялық және құқықтық бастама аймақтағы қылмысты азайту мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың заманауи үлгісі ретінде бағалануда.
Тізімге жаңадан қосылған ауылдар мен тәртіп деңгейі
Облыстық полиция департаментінің ресми мәліметінше, ағымдағы акция аясында тағы 8 ауыл ішімдіктен толықтай бас тартып, жаңа мәртебеге ие болды. Бастаманы бірауыздан қолдап, салауатты өмір салтына көшкен жаңа елді мекендер:
— Жаңақорған ауданы: Аққұм және Манап ауылдары;
— Арал ауданы: Үкілісай ауылы;
— Қармақшы ауданы: Алдашбай ахун ауылы;
— Сырдария ауданы: Ақжарма, А.Тоқмағамбетов және С. Сейфуллин ауылдары;
— Қызылорда қалалық округі: 2300-ден астам тұрғыны бар Баймұрат батыр ауылы.
Полиция мамандарының мәлімдеуінше, бұл елді мекендерде қоғамдық тәртіп айтарлықтай нығайып, жалпы құқық бұзушылықтар мен қылмыс деңгейінің төмендегені байқалған. Әсіресе, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық орындардағы бұзақылықтар және тікелей алкогольді ішімдіктерді тұтынуға байланысты туындайтын келеңсіз оқиғалар мүлдем азайған. Баймұрат батыр ауылындағы 4 ірі сауда орнының иелері де бұл шешімді қолдап, дүкен сөрелерінен алкоголь өнімдерін толықтай алып тастады.
Тексеріс қорытындысы және әкімшілік құқық бұзушылықтар
Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы бері облыс көлемінде тәртіп сақшылары тарапынан заңнама талаптарының сақталуына қатысты қатаң рейдтер мен тексерулер ұйымдастырылуда. Тәртіптік шаралар барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзудың 18 нақты дерегі және 440-бабы бойынша қоғандық орындарға масаң күйде келудің 73 заңбұзушылығы анықталып, құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Полиция департаменті мен жергілікті әкімдік өкілдері бұл тәжірибені облыстың өзге де елді мекендеріне таратуды, осы арқылы ауылдық жерлердегі отбасылық құндылықтарды нығайту мен қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беретіндерін жеткізді.
Әскери казармаларды толықтай бейнебақылау камераларымен қашан қамтиды? — jananews.kz


