Елімізде мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары қарқын алуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты құрылыс нысандарын тексеру және декларацияларды келісу жұмыстары қатаңдатылды, деп хабарлайды jananews.kz.
Өтініштер мен тексеру нәтижелері
1 қазандағы деректерге сәйкес, министрліктің аумақтық департаменттеріне пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының қолжетімділігін растау үшін 562 өтініш түскен. Барлық өтініштердегі (26%-ы) 147 нысан бойынша сәйкестік декларациясы мақұлданды. Өтініштердегі (46%-ына) 259 нысанға тиісті келісім берілмеді. Қалған өтініштер әлі де қаралу үстінде.
Негізгі бас тарту себептерінің қатарында нысандардың құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келмеуі тұр. Мысалы, пандустарда қажетті тұтқалардың жоқтығы немесе олардың дұрыс орнатылмауы, сондай-ақ ғимарат есіктерінің тым тар болуы сияқты олқылықтар жиі кездеседі. Сонымен қатар, кейбір өтініштер декларациялау міндетті емес нысандарға қатысты түскен.
Жаңа талаптар мен міндеттер
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты Еңбекминінің аумақтық департаменттері құрылыс нысандарының қолжетімділігін зерделеп, тиісті декларацияларды келісу рәсімін жүзеге асыруда. Тексеру кезінде тек сыртқы пандустардың бар-жоғына ғана емес, келесі маңызды критерийлерге ерекше назар аударылады:
— Кіреберіс пен жүріп-тұру жолдарының қауіпсіздігі;
— Есік ойықтары мен санитарлық бөлмелердің талаптарға сай болуы;
— Көру, есту қабілеті бұзылған және арба қолданатын адамдарға арналған ақпараттық белгілер мен бағыт-бағдар беретін құралдардың (сипап сезу және т.б.) болуы.
Мамандар атап өткендей, ғимараттардың қолжетімді болуы тек мүгедектігі бар жандар үшін ғана емес, сонымен қатар қарттар, уақытша денсаулығы сыр берген азаматтар мен балалар арбасын сүйреген ата-аналар үшін де аса маңызды. Басты мақсат – әрбір азаматтың ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, қажетті қызметтерді толыққанды пайдалануына қолайлы жағдай жасау.

