Елімізде су шаруашылығы саласы қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау және кадр тапшылығын жою бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы тағы 15%-ға өсті, — деп хабарлайды jananews.kz.
Саладағы еңбекақының өсу динамикасы
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында атап өткеніндей, өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде салада ауқымды өзгерістер орын алды. 2025 жылы «Табиғи монополиялар туралы» Заңға су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыруды көздейтін түзетулер енгізілді. Бұл суару, ауыз сумен жабдықтау және су бұру салаларында еңбек етіп жатқан 25 мыңнан астам қызметкерді қамтуға мүмкіндік берді.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы 50%-ға көтеріліп, 203 мың теңгеден 326 мың теңгеге жетті. Ал ең төменгі жалақы 2 еседен астамға артып, 85 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін өскен.
Мамандардың айтуынша, жалақының кезең-кезеңімен көтерілуі салаға білікті кадрларды тартуға, жұмысшылардың тұрақтамауын азайтуға және кәсіби деңгейді арттыруға тікелей ықпал етеді. Министрлік алдағы уақытта су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысын елдегі электр және жылу энергетикасы салаларындағы орташа еңбекақы деңгейімен толық теңестіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
Елімізде шетелдік пациенттерге арналған медициналық турпакеттер әзірленді — jananews.kz
(Суретте ЖИ қолданылған)

