«Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының дарынды қақпашысы Темірлан Анарбеков еуропалық аренада тарихи жетістікке қол жеткізді. FlashScore беделді статистикалық порталы отандық голкиперді 2025/2026 жылғы маусымдағы Чемпиондар Лигасының ең үздік командасының қатарына қосты.
Порталдың ресми мәліметі бойынша, осы маусымның символикалық құрамына «Бавария», «Пари Сен-Жермен», «Реал Мадрид» және «Барселона» сияқты әлемдік грандтардың жұлдызды ойыншылары енген. Қазақстандық қақпашы Харри Кейн, Килиан Мбаппе, Ламин Ямал және Хвича Кварацхелия сияқты футбол деңгейінің алыптарымен бір қатардан көрініп, үздіктер көшін бастады.
Статистикалық көрсеткіштер мен феноменалды нәтиже
Сарапшылар мен статистика мамандары Темірлан Анарбековтің бұл табысы кездейсоқ еместігін алға тартады. «Қайрат» командасы топтық кезеңде соңғы орынға тұрақтағанымен, қақпаға жасалған үздіксіз әрі қауіпті соққылар жас қақпашының әлеуетін толық ашуға және оның табысына үлкен ықпал етті.
Маусым бойы қазақстандық қақпашы 34 сәтті сейв жасады (тек сегіз қақпашы ғана бұл көрсеткіштен жоғары нәтиже тіркеген). Ол сейв жасау көрсеткішін 72,3%-ға жеткізіп, қақпаға анық енетін 4,39 голдың алдын алды. Бұл статистика оның команда үшін қаншалықты маңызды рөл атқарғанын айқын дәлелдейді.
Салыстырмалы түрде айтсақ, финалдық кезеңге дейін жеткен «Арсенал» клубының қақпашысы Дэвид Райдың Чемпиондар Лигасындағы орташа бағасы 7,4-ті құраса, «Реал Мадридтің» белді голкипері Тибо Куртуаның бағасы 7,5-ке тең болды. Осы орайда, Темірлан Анарбеков өз рейтингі бойынша әлемдік деңгейдегі үздік әріптестерін басып озып, ең жоғары балл иеленген қақпашы атанды.
Қазақстанға Кипр Президенті Никос Христодулидис келді — jananews.kz


