Бүгінгі таңда заманауи технологиялар қарқынды дамығанымен, олардың өскелең ұрпаққа тигізер қатері де артуда.
ЮНИСЕФ-тің жаңа есебіне сәйкес, балалар жасанды интеллектіні ересектерге қарағанда 3 есе тез меңгереді, деп хабарлайды jananews.kz.
Жасанды интеллект және балалар: Статистика мен қатерлер
10 елде жүргізілген талдау нәтижелері жасанды зерденің балалар өміріне терең енгенін көрсетті. Әлем бойынша кем дегенде 20 миллион бала жасанды интеллектіні тұрақты түрде пайдаланады. Олардың 13 миллионы сабақ оқып, үй тапсырмасын орындауда қолданса, әрбір оныншы бала (2 миллионға жуық) өзін мазалаған мәселе бойынша ересектерден емес, жасанды интеллектіден ақыл сұрайды.
АҚШ-та ChatGPT жұмысына қатысты жүргізілген зерттеу жасөспірімдердің 70 %-ы чатботтан тек ақпарат қана емес, эмоциялық қолдау да іздейтінін көрсетті. OpenAI басшысы Сэм Альтман да жастардың озық технологияға тым қатты байланып қалғанын растады.
Дегенмен, ChatGPT секілді чатботтар балалардың жас ерекшелігін ескермейді. Тіпті кейбір зерттеулер ЖИ берген мыңдаған жауаптың жартысынан көбі қауіпті екенін, соның ішінде ішімдік ішу, есірткі қолдану және өзіне-өзі қол жұмсауға (суицидке) қатысты нұсқаулар бергенін анықтады.
Халықаралық стандарттардың жоқтығы және сот процестері
Anthropic компаниясының құрылтайшысы Джек Кларк ойыншықтар нарығы әлдеқайда қатаң реттеліп, ортақ жаһандық стандарттар бар екенін, ал жасанды зерде бойынша халықаралық талаптар әлі күнге дейін толық бекітілмегенін атап өтті. Осыған байланысты АҚШ-та 8 бірдей штат ChatGPT иесін сотқа берді. Прокурорлар OpenAI компаниясынан чатбот жұмысын өзгертіп, балаларға төнетін қауіпті жоюды талап етуде. Былтыр да АҚШ пен Канадада бірнеше отбасы балаларының суицид жасауына нейрожеліні кінәлап сотқа жүгінген болатын. Компания қорғаныс жүйесінің кемшіліктерін мойындап, ата-ана бақылауы функциясын қоса бастағанын мәлімдеді.
Ғалымдардың ескертуі мен ұсыныстар
Сарапшылар мен ғалымдар жасанды интеллект жас буынның сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, шындыққа жанаспайтын ойлар мен өзін басқалармен салыстыру арқылы сенімсіздік тудыратынын ескертеді. JPMorgan Chase банкінің мәліметінше, биыл шілде айында ChatGPT қолданушыларының саны 800 миллионға жуықтаған. Жалған контентті арнайы белгімен таңбалаудың өзі жеткіліксіз.
Сондықтан мамандар ата-аналарға баласының кіммен сөйлесіп, не қарап жүргенін қатаң бақылауда ұстауды қажет екенін айтады. Ең бастысы – балада нейрожеліден емес, ата-анадан кеңес сұрау дағдысын қалыптастыру маңызды.

