Референдумға артылған реформа: Қазақстан саясатының жаңа парағы

Бұл тақырып біраздан көкейде тұғын. Арнаулы жазбадан көрі терең зерттеуді қажет ететіндіктен кейінге шегеріп жүрдік. Осыдан бірнеше ай бұрын саясаттанушы Дос Көшіммен болған сұхбатта Парламенттік реформаға аз-кем тоқталып, ой қозғап қойғанбыз. Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауда біраз жайтты шолып, саяси реформа, яғни, Парламенттегі қос палатаны біріктіру туралы бастама көтерді. Президент бастамасы мен оның мәніне үңіліп көрелік. 

«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Парламенттегі қос палатаға ел ішінде бұған дейін талай сын тағылып жүрді. Айтары барлар одан арылу керегін алға тартып, бір палаталы Парламент қолайлы десті. Орайы келгенде оның да іске асарын ішіміз сезгенімен Ақорда бұлай жылдам әрекетке көшетінін бағамдамадық. Мемлекет басшысы бұл жайтқа тоқталғанда бірнеше рет халық талқысы маңызды деді. Көзі қарақты жұртты бұл сөз қуантатыны анық. Екіншіден, біршама жылдан бері айтылып келген Еститін үкімет тұжырымдамасының дәлеліндей көрінді. Жолдауда

«…мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдаудың негізгі мәні инвестицияға негізделгенін ескерсек, Үкімет қордағы қаржыны үнемдеуге мықтап кіріскен сыңайлы. Өйткені

БІР ПАЛАТАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

жайлы сөз болса экономикалық тиімділік қоса жүреді. Қазір Қазақстан парламентінде 148 депутат бар. Жоғары палатада – 50 (Сенат), төменгі палатада – 98 (Мәжіліс). Одан өзге кеңсе шығыны мен қызметкерлерін, депутат көмекшілерін есептей беріңіз. Әйтсе де, бұл елдегі тұрақты саяси жүйеге реформа жасауға басты себеп дей алмаймыз. Әліптің артында демократиялық қағидат бәлки жауапкершілік тұрған іспетті. Бұл ретте халық бір ғана органға дауыс беріп, нәтижесін де содан сұрайды. Былайша айтқанда, саяси жауапкершілік бір жерге шоғырланып, қарапайымдылық пен ашықтық үстемдік құрады. Бұны батыста «Simplicity and Transparency» деп атап жүр. Сол арқылы Екі палата арасындағы күрделі келіссөздер, талқылаулар мен келісу комиссиялары болмайды. Жалпы, Халық сайлаған Мәжіліс депуттатары «заң дайындап жоғары палатаға жолдап қойдық, әрмен қарай қауқарсызбыз» деп құтылып жүр. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Реформа жүзеге асса халық заң жобасының қайда екенін, оның тағдырын кім шешіп жатқанын оңай бақылай алады. Егер сапасыз заң қабылданса немесе керісінше, маңызды заң қабылданбай қалса, жауапкершілік толығымен бір ғана палатаға жүктеледі. Тағы қайталайын

РЕФОРМА ЖҮЗЕГЕ АССА

ғана тізіп айтқан талайдың игілігін көреміз. Олай дейтінім бұл бастама аяқсыз қалуы да мүмкін. Неге? Президент айтқан сөзге жіті мән берсек жұртқа тиімсіз бір «ультиматумның» көрінісі бар. Содан болса керек бұл реформаның жүгі референдумға артылып отыр.

«…2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», – дейді Президент.

Конституцияға өзгеріс енгізу өте жауапты іс. Сипаттап айтқанда шежіреңді күзегендей боласың. Олай ету кім-кімге болса да оңай емес. Қазақстан 2022 жылы ғана конституциялық реформа жүргізіп, аралас сайлау жүйесіне көшіп еді. Біз жоғарыда айтып өткен Мәжілістегі 99 депутаттың 29-ы дәл осы бір мандатты округтер бойынша сайланды. Президент айтуына қарағанда халық қолдап, мемлекет бір палаталы Парламент жүйесіне көшсе депутаттар тек партиялық тізім бойынша мінберге шығады. Бұл да ойландыратын жайт. Өйткені, халық арасында бір мандатты округ бойынша сайланған бірнеше депутаттың беделі өзгелерден кей-кейде артып тұратынын байқауға болады. Осыдан үш жыл бұрынғы реформаның артықшылығын содан көреміз. Ал, енді

ҚОС ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ КЕМШІН ТҰСЫ

неде болды? Немесе қандай артықшылығы бар деген сауал былайғы жұртты қызықтырары анық. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан тұтынушы ел болудан өндіруші елге айналмайынша экономикалық дағдарыс іргесін алыстатпайды. Содан да болса керек Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауда өндірісті дамыту және ішкі қажеттілікті өтеуге ден қою керек деді.

«Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті».

ҚР Президенті Қ. Тоқаев

Экономикалық дағдарыс бар, табиғи апат немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде шұғыл заңдар қабылдау қажет. Бұндай жағдайдан қашып құтылған ел жоқ. Қазақстанда да жыл сайын бірнеше төтенше жағдай орын алады. Осы жерде қос палата заң қабылдау мен өзгеріс енгізу жағын қаншалықты тиімді атқарды деген сауал жұртты ғана емес Ақорданы да ойландырған іспетті. Германия, Франция, Испания мен Италия сынды батыс мемлекеттері, одан қала берді АҚШ пен Британ елі алға тартып отырған Checks and Balances ұғымы қос палатада көрініс табады. Екі палата бір-бірінің кем-кетігін түзеп, сапалы заң шығаруы үшін таптырмас жүйе. Біржақты көзқараспен заңдар қабылдана бермейді, алдын алады. Жоғарыда біз атын атап кеткен елдер осы жүйенің игілігін көріп отыр. Экономикалық тұрақтылық пен

БАҚЫТТЫ ӨМІР САЛТЫ

қалыптасқан скандинавия елдері (Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия), Португалия мен Жаңа Зеландия, алысқа бармай-ақ іргеміздегі ҚХР мен рухтас, туыс Түрік елі де бір палатамен көктеп, көгеріп отыр. Қорыта келгенде мемлекеттік басқаруға, оның кез келген жүйесінде ҚЫЗМЕТ етуге демократиялық құндылықтарды ту еткен, ұлттық құндылығын қастерлеп, адамзаттың бәрін бауырым дейтін арда азаматтар лайық. Әйтпесе, неше палаталы Парламент болса да халық азып, ел тозып кетпей ме?!

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН, журналист

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img