Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиев Ұлттық құраманың 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиядан ірі есеппен (0:6) жеңілгеннен кейін өз еркімен қызметінен кететінін мәлім етті.
Али Алиев 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында өнер көрсеткен.
— Қысқа ғана айтқым келеді: жеңілісті өз мойныма аламын, бұл – менің кінәм. Футболшылардың еш қатысы жоқ. Елге оралған соң бірден жұмыстан кету жөнінде арыз жазамын, — деді ол ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров Али Алиевтің мансабын босатуына қатысты түсінік берді.
— Спорттық бөліммен келесі бапкер кім болатынын команда оралған соң шешеміз. Экспат па, әлде жергілікті маман ба, оған қарамаймыз. Міндетті түрде бапкердің кәсіби құзыреттілігіне қараймыз, — деп қысқа қайырды Марат Омаров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ тілшілер қауымы футбол федерациясының президентінен Али Алиевтің қызметіне баға беруін сұрады.
— Өзіне жүктелген міндетті орындады. Құраманың орташа жасы 25–26-да. Дегенмен, нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан команда келген соң кадрлық шешім қабылдаймыз. Себебі келісімшарттық мәселе, белгілі бір шарт және заң тұрғыдан реттейтін жайт бар, — дейді ол.