Алматы мектептерінде сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде сабақ өткізіледі. Бұл әзірге пилоттық жоба.
Бұл туралы Алматының сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Басқарма басшысы тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті. Айтуынша, былтыр бірнеше рет жалпықалалық сейсможаттығу өткізілді, сондай-ақ ТЖД қызметкерлері мектептерде, саябақтарда, адам көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмысын жүргізді.
Ендігі кезекте мектептерде сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде сыныптан тыс сағаттарды енгізуді жоспарланып отыр.
— Бүгінгі күні бірінші кезекте қауіпсіздік қадамдарын балаларға үйреткіміз келеді. Ол үшін мектеп бағдарламасы әзірленді. Пилоттық жобаны іске қосамыз, оқу орындарында апта сайын сыныптан тыс сағаттар өтеді. Былтыр жазда 1,5 мың балабақша мен мектеп қызметкерін оқыттық, бұл сабақты оқудан өткен мамандар өткізеді. Сондай-ақ биыл тоқсан сайын сейсможаттығу болады. Осы орайда қала тұрғындарын жаттығуларға барынша қатысуға шақырамын, — деді ол.