Күзгі Бурабай туристердің жаңа бағытына айналмақ

Бурабай курорттық аймағында өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға арналған ауқымды блог-тур ұйымдастырылды. Шараға блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, маусымаралық кезеңде де Бурабайдың демалыс үшін аса тартымды мекен екенін паш етті, деп хабарлайды jananews.kz.

Сапар барысында қатысушылар өңірдің көрікті жерлерін түгел аралап шықты. Блогерлер мен медиа өкілдері «Ақбура» курортына, Үлкен Шабақты және Текекөл көлдеріне, «Ақмарал» марал шаруашылығына барып, панорамалық көріністерімен танымал Бөлектау тауына көтерілді. Сонымен қатар экскурсия бағытына Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты Абылай хан алаңы мен Кенесары үңгірі сияқты қасиетті орындар да енгізілді.

Ел тарихымен тереңрек танысу Ұлы дала мұрасына арналған Мультимедиялық интерактивті кешенде жалғасып, заманауи форматтағы экспозиция танымдық бағдарламаны тамаша толықтыра түсті.

Күз мезгіліндегі Бурабай ерекше көркем табиғатымен, тынық серуендеуге қолайлы бағыттарымен ерекшеленеді. Мұндағы басты артықшылықтардың бірі – тек экскурсиялық демалыс қана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі санаторийлік-курорттық инфрақұрылым. Келушілер пантамен емдеу сияқты дәстүрлі сауықтыру әдістері арқылы денсаулықтарын нығайтуға мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Бурабай тек жазғы маусымда ғана емес, жыл бойы саяхаттауға қолайлы, табиғат, тарих пен денсаулықты сауықтыру шаралары тоғысқан бірегей мекен екенін көрсету.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img