Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты КМҚК «№5 бөбекжай балабақшасының» ұйымдастыруымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілеріне арналған «Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Іс-шара мобильді топ жұмысының жоспарына сәйкес жүзеге асты.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлттық тәрбиенің озық үлгілерін енгізу арқылы жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді, отансүйгіштік пен ұлттық болмысқа деген құрметті қалыптастыру басты мақсат.
Семинар барысында ұйымдастырушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық тәрбие беру бағытындағы тиімді әдіс-тәсілдерді көрсетті. Іс-шара педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды тәрбиелік үдерісте жүйелі қолдануға бағытталған маңызды алаңға айналды.
«Ұлт тәрбиесі: Болашақ ұрпақ» атты бұл шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты ояту, оларды өз елінің тарихы мен мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеудің жолдарын талқылау болды. Сіздер білесіздер, балабақша – баланың қалыптасуындағы ең алғашқы әлеуметтік институт. Сондықтан да біздің міндетіміз – бүлдіршіндердің бойына кішкентай кезінен бастап ұлттық құндылықтарды сіңіру. Семинар барысында ұлт тәрбиесінің негіздері, оның отбасылық тәрбиемен байланысы, сондай-ақ ұлттық тәрбие арқылы баланың рухани дамуын қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Біздің басты мақсатымыз – балаларымыздың бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, оларды отансүйгіштікке, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйрету. Ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер, әндер мен жырлар арқылы біз балалардың бойында өз мәдениетіне деген сүйіспеншілікті арттырамыз» дейді бақша меңгерушісі Айман Маулешова.
Семинар барысында қатысушылар — балабақшадағы тәрбие процесінде ұлттық тәрбие элементтерін тиімді қолдану тетіктерімен танысты. Ұлттық ойындар, салт-дәстүр, ертегі мен фольклорлық мұраларды тәрбие жұмысымен ұштастырудың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Педагогтардың ұлттық құндылықтар негізінде кәсіби шеберлігін арттыру жолдарын қарастырып, тәжірибе алмасып, шығармашылық ізденістерін көрсетті.
Қалалық семинарға қатысушылар Алматы қаласы Білім басқармасы құзыреттілік орталық жетекшілері, Медеу ауданының «Ұстаз» кәсіподақ төрайымы, БАҚ «Алматы ақшамы» газетінің журналистері, Алматы қаласының әр ауданынан келген балабақша меңгерушілері мен педагогтері қатысты. Семинарға қатысқан қонақтар КМҚК «№5 бөбекжай балабақшасының» ұйымдастыру жұмысының жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтіп, балабақша басшысы мен педагогтерінің кәсібилігіне және тәрбиешілердің ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ізденісі мен жауапкершілігіне оң бағаларын берді.
Мұндай мазмұнды іс-шаралар ұлттық тәрбиенің тамырын тереңге тартуына жол ашып, балабақша табалдырығынан бастап балалардың бойына қазақы болмысты, тілді, мәдениетті сіңіруге зор мүмкіндік береді. Семинар қатысушылары ұлттық құндылықтарды ұлықтау – болашақтың баянды кепілі екенін тағы бір мәрте айқын сезініп қайтты.