Оңтүстік Корея әуежай қызметкерлері ереуілге дайындалып жатыр

Мыңдаған турист пен жолаушы Оңтүстік Кореяда сапары кезінде айтарлықтай қиындықтарға тап болуы мүмкін. 19 қыркүйектен бастап елдегі әуежай қызметкерлерінің жаппай ереуілі басталады деп күтілуде, бұл жағдай ұлттық Чхусок мерекесіне дейін созылуы ықтимал.

Оңтүстік Кореяның 15 әуежайында, соның ішінде елдің басты әуе қақпалары – Инчхон мен Кимпхо әуежайларында 15 мыңға жуық қызметкер жұмысты тоқтатуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Наразылық акциясын екі ірі кәсіподақты біріктіретін Әуежай қызметкерлерінің ұлттық альянсы ұйымдастыруда. Олардың басты талабы – еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыс кестесін қайта қарау.

Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, қазір Инчхон әуежайында қолданыстағы «3 бригада, 2 ауысым» жүйесі қызметкерлердің шамадан тыс жұмыс істеуіне, денсаулықтарының нашарлауына және жиі жарақат алуына әкеліп соқтырған. Олар жұмыс кестесін әлдеқайда тиімді «4 бригада, 2 ауысым» жүйесіне ауыстыруды және әуежайдың еншілес құрылымдарында жұмыс істейтін қызметкерлерге тең еңбек жағдайын жасауды талап етуде.

Ереуілдің басталуы 19 қыркүйекке жоспарланған және ол Кореядағы ең маңызды мерекелердің бірі – Чхусок мейрамына (26-28 қыркүйек) дейін жалғасуы мүмкін. Бұл кезеңде ел ішінде және халықаралық бағыттарда жолаушылар ағыны күрт артатындықтан, рейстердің кешігуі, тоқтатылуы және әуежайларда ұзын-сонар кезектердің пайда болу қаупі жоғары.

Осыған байланысты, жақын арада Оңтүстік Кореяға баруды жоспарлаған қазақстандықтарға өз рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеріп, ықтимал өзгерістерге дайын болуға кеңес береміз.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img