Қазақтың тұңғыш антропологы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері Оразақ Смағұлов өмірден озды, — деп хабарлайды jananews.kz.
Отандық антропология ғылымының негізін қалаушы
Оразақ Смағұлов бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, елімізде антропология ғылымының іргетасын қалады. Ол бірнеше буын жас зерттеушілерге бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстаз ретінде отандық ғылым тарихында өшпес із қалдырды.
1955 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетін тәмамдап, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында еңбек жолын бастады. Кейін Алматы медицина институтында және Мәскеу мемлекеттік университетінің антропологиялық мұражайында білімін жетілдірді. 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының этнология және антропология институтының аспирантурасына қабылданды.
1965 жылы «Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Қызы, антрополог Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған «Происхождение казахского народа» атты еңбегінде қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға жуық жүргізілген кешенді зерттеу нәтижелерін топтастырды.
Ғалымның ұрпаққа қалдырған өсиеті
Академик Оразақ Смағұлов ұлттың генетикалық және антропологиялық мұрасын сақтауды ең басты парыз санаған еді. Ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ұлттық бірегейлік туралы былай деп толғанған болатын:
«Археологтер қазба жұмысын жүргізгенде табылып жатқан адам қаңқасын жинауы керек. Одан кейін оны сақтайтын орын жасауымыз керек. Нағыз тарих осы. Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал шашында, бір тамшы қанында сақталады. Мұндай бірегейлікті болашақ ұрпақтарымыз тану арқылы өздерінің бір тектен шыққан халық екеніне мақтанатын болады».
Көрнекті ғалымның іргелі зерттеулері мен бай ғылыми мұрасы қазақ тарихы мен мәдениетінің алтын қорында мәңгі сақталады.

