2025 жылдың басынан бері Қазақстанда көпбалалы және марапатталған аналарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында 449,8 миллиард теңге жұмсалды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл көмекпен орта есеппен 847,7 мың отбасы қамтылған.
Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы
Бұл жәрдемақыға 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына байланысты белгіленген.
2025 жылы төленетін жәрдемақы мөлшері:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан көп балаға – әр бала үшін 4 АЕК-тен (15 728 теңгеден).
Марапатталған аналарға көрсетілетін қолдау
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар аналарға да ай сайын жәрдемақы тағайындалады.
Жәрдемақы мөлшері:
- «Күміс алқа» иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- «Алтын алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» иегерлеріне – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыға жалпы 391,1 млрд теңге бөлініп, 604,5 мың отбасы қамтылса, марапатталған аналарға 58,7 млрд теңге төленген (243,2 мың адам).
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі 6,5%-ға артқан болатын.
Бұған дейін, белгілі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жаздық.