Қазақстанның білім беру жүйесі цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басуда. 2026 жылы Qazaq Digital Mektebi жобасы және педагогтерге арналған жасанды интеллектпен (ЖИ) қамтылған Ұлттық білім беру платформасы ресми түрде іске қосылмақ. Бұл ауқымды жаңалықты Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов мәлімдеді.
Жаңа бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық саланы цифрландыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Министрлік қазіргі уақытта білім берудің бірыңғай экожүйесін құруға кірісіп кетті. Вице-министрдің айтуынша, ең алдымен ұлттық білім беру дерекқоры толықтай жаңғыртылады. Бұл жүйе еліміздегі барлық электрондық күнделіктер мен журналдарды (LMS) біріктіретін бірыңғай деректер қоймасына айналмақ. Ең маңыздысы, жинақталған барлық ақпарат QazTech мемлекеттік бұлтты платформасында қауіпсіз шоғырландырылады. Бұл деректердің шашыраңқылығын жойып, білім беру процесін басқаруды жеңілдетеді.
Жаңашылдықтың басты мақсаты – мұғалімдердің иығындағы жүкті жеңілдету. Енгізілетін ЖИ агенттері педагогтердің күнделікті көмекшісіне айналады деп күтілуде. Мысалы, жасанды интеллект мұғалімдерге педагогикалық кеңестерге дайындалуға, есеп беруге және басқа да рутиналық жұмыстарды атқаруға көмектеседі. Осы мақсатта 2026 жылға қарай 200 мыңнан астам қазақстандық педагог арнайы курстардан өтіп, ЖИ-ді тәжірибеде қолдану дағдыларын меңгеретін болады.
Жоба оқушылар үшін де тың мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, 2026–2027 оқу жылынан бастап пилоттық өңірлердегі шағын жинақты мектептер үшін Qazaq Digital Mektebi жобасы бастау алады. Бұл мектептерде оқушыларға сабақ түсіндіруге және білім сапасын арттыруға ЖИ репетиторлары көмектеспек. Бұл шалғайдағы ауыл балаларының сапалы білім алуына тең мүмкіндік туғызатын қадам болмақ.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші жартысында министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы заңнамалық өзгерістер әзірлеп, пилоттық жобалардың тиімділігін бағалайды. Осылайша, Үкімет жасанды интеллект құралдары арқылы педагогтердің жүктемесін азайтып қана қоймай, ата-аналар мен оқушылар үшін мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдететін берік цифрлық іргетас қалыптастыруды көздеп отыр.
Бұған дейін, 2025 жылы әлемде 128 журналист қаза тапқаны туралы жазған едік.


