2026 жылғы 19-23 қаңтар аралығында Халықаралық білім беру корпорациясында (ҚазБСҚА) «Қысқы мектеп – 2026: Университеттің ғылыми-білім беру экожүйесі: заманауи сын-қатерлер» атты ЖОО оқытушыларының ғылыми және оқу-әдістемелік біліктілігін арттыруға бағытталған апталық іс-шара өтуде.
Қысқы мектеп офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру корпорациясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті сияқты жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын және жас ғалымдары мен докторанттарын бір алаңға тоғыстырып, олардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Қысқы мектеп бағдарламасындағы бірқатар семинарлар «QazScience» ғылыми-академиялық семинарымен өзара ықпалдастырылып, еліміздің әр өңіріндегі ғылыми ұйымдар мен мекемелердің ғалымдары үшін кең ауқымды қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етілуде.
Қысқы мектептің алғашқы екі күнінде өткен семинарлар мазмұнды баяндамалармен ерекшеленіп, қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды.
19 қаңтар күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Farabi Supercomputer Center» директоры, Қазақстанның ғылымды коммерцияландыру одағының вице-президенті, PhD Темірбаев Әмірхан Әділханұлы және ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, стартапер-ғалым Тастанбеков Диас Бақытжанұлы баяндама жасады. Семинарда ғылыми-инновациялық дамудың өзекті мәселелері көтеріліп, Қазақстандағы инновациялық циклдің жүйелік қиындықтары мен оларды еңсеру жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар технологияларды коммерцияландыру бағытындағы тәжірибелер мен жиі кездесетін қателіктер сараланып, қатысушылар практикалық тұрғыда маңызды кеңестер алды.
20 қаңтар күні Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, PhD Бибосинов Асылхан Жәнібекұлының және Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің координаторы Палуанова Лаура Қалабайқызының спикер болуымен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері мен халықаралық бағдарламаларға қатысу тетіктері айтылып, ғылыми-академиялық ортада қызу талқыланды. Атап айтқанда, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары аясында өтінім беру әдістемесінің негізгі қағидалары түсіндірілді, жобаның логикасы, құрылымы, дәлелді базасы мен құжаттандыру талаптары бойынша нақты бағыт-бағдар берілді. Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде жоғары білім беру әлеуетін арттыру жобаларының ерекшеліктері таныстырылып, қатысушыларға жобалық менеджмент және халықаралық консорциум негізінде бірлескен өтінімдер дайындау сияқты маңызды аспектілер қамтылды.
Алдағы күндері қысқы мектеп бағдарламасы бойынша педагогикалық инновациялар, ғылыми-зерттеу мен білім берудің конвергенциясы, академиялық жазылымның практикалық ерекшеліктері және «Цифрлық университет архитектурасы – 2026» тақырыбындағы шеберлік сыныптары мен семинарлар өтетін болады.
Осылайша, қысқы мектеп қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар қалыптастыруға және кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
Халықаралық білім беру корпорациясы, Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы


