Қазақстан Үкіметі ел өңірлерінің инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетін арттыру бағытындағы кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысы Олжас Абайұлының тапсырмасымен Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында бірінші вице-премьер мегаполистің негізгі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарын аралап, маңызды жобалардың барысымен танысты. Бұл жұмыс сапарына қала әкімі Дархан Сатыбалды, әкімдік басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты ведомстволар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекет басшысының ерекше назарында тұрған Алматы қаласының дамуы мен халықтың өмір сапасын жаксырту мәселесі аясында Үкімет энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандардың тиімді жұмысы үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған. Ендігі басты міндет — басталған жаңғырту жұмыстарын белгіленген кестеден кешіктірмей, дер кезінде аяқтау.
Алматы әуежайындағы құрылыс барысы мен анықталған кемшіліктер
Сапар аясында қаралған алғашқы стратегиялық нысан — Алматы халықаралық әуежайы болды. Мұнда бірінші вице-премьер VIP-перрон ғимаратының, ұшақтарды мұздан тазарту алаңының, жаңа жүк тұрақтарының құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Әуежайдың қазіргі даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары төмендегідей сипатқа ие:
Өткізу қуаты мен инвестиция: 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілген, аумағы 56 мың шаршы метр болатын жаңа халықаралық терминалға 93 млрд теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қуаты жылына 14 млн жолаушыға өсіп, ескі ғимарат толықтай ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшкен.
Бес жылдық бас жоспар: «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ prezidenti Көсе Гөкердің мәліметінше, нысанды басқарушы «TAV Havalimanları Holding A.Ş.» (TAV Airports Holding) компаниясы жалпы сомасы $360 млн болатын алдағы бес жылға арналған бас жоспарын бекіткен. Жоспар аясында терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жердегі қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны және бортта тамақтандыру нысандарын тұрғызу, қонақ үй мен көп деңгейлі паркинг салу қарастырылған.
Дегенмен, жұмыс сапары барысында әуежай инфрақұрылымына қатысты бірнеше өзекті мәселелер мен кемшіліктер айтылды. Жазғы туристік маусымның басталуына аз уақыт қалса да, жаңа нысандардағы жұмыс қарқыны өте баяу, ал сапасы нашар екені ескертілді. Жақында болған нөсер жаңбырдан кейін халықаралық терминалды су басу оқиғасы қоғамда кең резонанс тудырып, тұрғындар мен шетелдік қонақтардың сынына ұшырады.
Осыған байланысты Нұрлыбек Нәлібаев әуежайды басқарушы компания жетекшісіне жаңғырту жұмыстарын үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне доін толық аяқтауды, құрылысты тәулік бойы жұмыс режиміне көшіруді және қажет болған жағдайда қосалқы мердігерді іске қосуды тапсырды. Ал қала әкімдігіне жұмыс сапасы мен барысын күнделікті қадағалап, әуежай инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде метроның перспективалық бағытымен интеграциялау міндеттелді.
«Алматы-1» вокзалы және республикалық вокзалдарды жаңғырту
Сапар барысында қаланың тағы бір маңызды көлік торабы — «Алматы-1» вокзалындағы жаңғырту жұмыстары тексерілді. Нысандағы қайта құру және жаңарту процестері былтырғы жылдың наурыз айында басталған болатын. Бірінші вице-премьер бұл шараның маңыздылығына тоқталып, қазіргі уақытта осы бағдарлама аясында еліміздің әр аймағында орналасқан жалпы саны 121 теміржол вокзалы заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы алғышқы ЛРТ жұмысын іске қосты — jananews.kz


