Бүгін қазақ руханияты мен әлемдік мәдениетте өзіндік қолтаңбасы бар бірегей тұлға – ақын, жазушы, әдебиеттанушы, көрнекті түркітанушы әрі дипломат Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Ол дала философиясы мен тарихты, лингвистикалық терең ойлау жүйесін ұштастырған шығармашылық иесі ғана емес, ұлттық мүддені ту еткен ірі қоғам қайраткері.
Тегі мен шығу тарихы: Батырлардың ұрпағы
Олжас Сүлейменов кадрлық әскерилердің алғашқы буынының отбасында дүниеге келген. Әкесі Омар — Бірінші Қазақ кавалериялық полкінің офицері болған. Алайда сталиндік қуғын-сүргін заманы Сүлейменовтер отбасын да айналып өтпеді: Олжас бір жасқа толғанда, әкесі Қызыл Армияның басшылық құрамының өзге де үздік өкілдері сияқты саяси қуғын құрбаны болып, атылып кетеді.
Болашақ ақынның әке жағынан ата-бабалары ақын, музыкант әрі жауынгер болса, шешесі жағынан құрылысшы-саманшылар болған. Ал ақынның есімі Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы, әйгілі Олжабай батырдың құрметіне қойылған.
«Адамға табын, Жер, енді» және алғашқы танымалдылық
Олжас Сүлейменовке үлкен шығармашылық танымалдылық оның поэмалары орталық телеарналар мен радиодан беріліп, ірі газеттерде жарияланған кезде келді. Ақын апта сайын дерлік КСРО-ның түрлі қалаларындағы зауыттарда, фабрикалар мен студенттік аудиторияларда кездесулер өткізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Оның қаламынан туған «Нұрлы түндер», «Шапағатты шақ» және «Қыш кітап» сияқты жинақтары оны лингвистикалық ойлау сипаты ерекше философ ақын ретінде әлемге танытты. Ал ақынның әйгілі «Адамға табын, Жер, енді» деген өлең жолы Ресейдің Владимир облысындағы ғарышкер Юрий Гагарин қаза тапқан жерге орнатылған зәулім стелаға қашалып жазылды.
«Аз и Я» және түркітану ғылымындағы серпіліс
1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» еңбегі Олжас Сүлейменов шығармашылығындағы ең маңызды әрі тағдырлы туынды болды. Автор «Игорь жасағы туралы жырдағы» түркі элементтерін зерттей отырып, кеңестік ресми ғылымның догмалық ұстанымдарына батыл түрде қарсы шықты. Ол славян және түркі мәдениеттерінің ғасырлар бойы жауласпағанын, керісінше, өзара терең ықпалдастықта болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.
Кітап жарық көрген соң Мәскеуде қатаң идеологиялық сынға ұшырап, оған ресми түрде тыйым салынды, ал автордың өзі сегіз жыл бойы жаңа кітап шығару мүмкіндігеінен айырылды. Соған қарамастан, бұл еңбек қазіргі түркі-славистика ғылымының іргетасын қалады.
Қоғамдық-саяси қызметі және «Невада-Семей» қозғалысы
Олжас Сүлейменов тарихта тек сөз шебері ғана емес, нақты іс-әрекеттің тұлғасы, ядролық қаруға қарсы жаһандық «Невада-Семей» қозғалысының бастамашысы ретінде қалды. Бұл қарапайым халықтың еркі мен бірлігі тұтас одақтық биліктің шешіміне тікелей ықпал еткен сирек тарихи оқиға болды. Қозғалыстың нәтижесінде Семей полигонындағы ядролық сынақтар тоқтатылып, 1991 жылғы 29 тамызда полигон біржола жабылды.
Саяси қайраткер ретінде оның беделі өте жоғары:
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10-шы және 13-ші шақырылымдарының депутаты;
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 11-ші шақырылымының депутаты және КСРО Халық депутаты (1989-1991).
Ол 1-ші дәрежелі «Барыс», Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Даңқ белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Сондай-ақ ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның Лениндік комсомол сыйлығының және «Тарлан» сыйлығының лауреаты.
Мәдениет пен қазақ киносының жанашыры
Олжас Сүлейменовтың еңбек жолы Қазақстан Жазушылар одағы және Кинематографистер одағымен тығыз байланысты. Ол Алматы қаласында Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-ші халықаралық конференциясын өткізуге тікелей бастамашы болып, оны жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Оның жетекшілігі тұсында қазақ кинематографиясы кәсіби және талантты өнер ретінде әлемдік танымалдылыққа ие болды. «Қазақфильм» kinoстудиясы осы кезеңде алтын қорға енген «Қыз-Жібек», «Үрейлі таң», «Асудағы атылған оқ» және «Көксерек» сияқты шедевр фильмдерді жарыққа шығарды.
Ақын ғылыми ізденістерін кейін де тоқтатқан жоқ. Оның келесі іргелі еңбектері жарық көрді: 1998 жылы (Рим): Адамзат жазуы мен тілінің шығу тегін зерттейтін «Жазу тілі» және «Құдайдың күлкісі» кітаптары; 2001 жылы: Түркі-славян тілдік байланыстарына арналған «Айқас параллельдер» еңбегі; 2002 жылы: Ежелгі түркі тілдері мен жазуының бастауы туралы «Ежелгі түркілер» кітабы.
Түркітану ғылымына қосқан бұл өлшеусіз үлесі үшін ол Күлтегін атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды.
Илон Маск — X әлеуметтік желісіне қатысты тергеледі — jananews.kz


