Ел аумағында құстардың ұшақтармен соқтығысуы деректерінің көбеюіне және бұл мәселенің ушығуына бірнеше негізгі фактор болып отыр. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» мен сала сарапшыларының Үкімет отырысында мәлімдеген ақпараттарына сәйкес, басты себептері заңсыз пайдаланылған нысандар мен әуежай маңындағы қоқыс полигондары.
Әуежайлар маңындағы қоқыс полигондары
Құстардың әуе кемелерімен соқтығысу қаупін арттыратын ең басты фактор – әуежайларға жақын аумақтарда қоқыс полигондарының орналасуы. Олар құстардың жаппай жиналып, қоректенетін тұрақты орнына айналған. Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында осындай қоқыс полигондары жұмыс істеп тұрғандығы анықталды. Осы кедергілердің кесірінен ел аумағында 2023 жылы 36 оқиға, 2024 жылы 47 оқиға тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 280 дерекке жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде 33 жағдай тіркеліп үлгерген, — деп мәлімдейді 24kz.
Жерлерді мақсатсыз пайдалану және заңсыз нысандар
Әуежайлардың аэродром маңындағы аумақтарда түрлі кедергілердің көбеюі және жердің дұрыс пайдаланылмауы жағдайды қиындатып отыр. Алматы әуежайы бойынша Аэродром аймағында 160-қа жуық кедергі анықталған. Ал Шымкент әуежайының маңында 150-ден астам кедергі келтіретін нысандар тіркелген.
Бас жоспарлар мен схемалардың үйлеспеуі
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» аэродром маңындағы жерлерді қауіпсіздік аймақтарына бөлу схемаларын әзірлеп, жергілікті әкімдіктерге ұсынғанымен, бұл жоспарлар көп жағдайда қалалар мен елді мекендерді дамытудың ресми Бас жоспарларына әлі күнге дейін енгізілмей келеді. Жергілікті атқарушы орғандар мен авиация қызметінің арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігі заңсыз нысандар мен қоқыс орындарының жойылуын тежейді.
Табиғи факторлар мен құстардың көбеюі
Орнитологтардың мәлімдеуінше, жыл сайын әуежай маңына топтасатын қанаттылардың саны азаймай отыр. Құстар әсіресе көктем және күз мезгілдерінде, яғни жылыстау (миграция) кезінде әуежай маңына көптеп шоғырланады. Авиация сарапшыларының деректеріне сүйенсек, ұшақтарға соқтығысатын құстардың түрлерінің 28%-ы – бүркіт, тасқара сияқты жыртқыш құстар; 27%-ы – орман құстары; 18%-ы – су жағасын мекендейтін құстар.
Мәселені шешу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?
Халықаралық ИКАО стандарттары мен отандық заңнамаға сәйкес, еліміздегі әуежайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы Бас прокуратураның араласуымен еліміздің 7 әуежайының маңынан құстарды еліктіретін 12 заңсыз қоқыс полигоны біржола жойылды. Сондай-ақ ұшу аумағындағы ағаштардың биіктігі үнемі кесіліп, қадағаланады. Арнайы үркіту құралдары- Астана және Алматы сияқты ірі әуежайларда арнайы орнитология бөлімдері жұмыс істейді. Олар құстарды қашыру үшін биотехникалық, механикалық қондырғыларды, қатты дыбыс шығаратын электрондық ұшу құралдарын және химиялық өндіріс жұмыстарын қолданады. Шағын өңірлік әуежайларда бұл міндетті айлақ бөлімінің арнайы мамандары атқарады.
Жыл сайын әлемдік авиация бұл апаттардан 1 млрд долларға жуық шығын шегіп отырғандықтан, Қазақстан аумағында да аэродром маңындағы тәртіпті қатаңдату басты назарға алынуда.


