Өнеркәсіп және құрылыс министрі құрылыс жобалары банкін қалыптастыруға жаңа қағида енгізді

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру, жүргізу және типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) ұсынудың жаңа қағидаларын бекітті.

Бекітілген жаңа құжат ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Осы бұйрық күшіне енген сәттен бастап, бұған дейін қолданыста болған 2015 жылғы мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру және жүргізу қағидалары өз күшін жояды.

Мемлекеттік банктің мақсаты мен негізгі бағыттары

Жаңа қағидаларға сәйкес, мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру мен жүргізудің басты мақсаты — пайдаланушыларға мұнда орналастырылған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы тек байланыстыру (привязка) үшін ұсыну. Бұл құжаттарды өзге мақсаттарда пайдалануға заңнамалық тұрғыда жол берілмейді.

Мемлекеттік банк «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жобаларды әзірлеу мен сараптамасын ұйымдастыру порталының ажырамас бөлігі саналады. Оның қызметі екі негізгі бағытты қамтиды: арнайы каталогты қалыптастыру, жүргізу және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету және пайдаланушыларға типтік жобалар немесе жобалық-сметалық құжаттаманы тікелей ұсыну.

Құжатта нақтыланғандай, мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген сәулет және қала құрылысы туындыларына авторлардың мүліктік құқықтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган мен мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі болады.

Мемлекеттік банкке қандай жобалар орналастырылмайды?

Жаңа тәртіп бойынша банк қорына мемлекеттік инвестициялар есебінен дайындалған жаңа құрылыс нысандарының ЖСҚ-лары мен типтік жобалары ғана қойылады. Сондай-ақ, құжатта мемлекеттік банкке орналастыруға мүлде жатпайтын жобалардың нақты тізімі бекітілген.

Банкке келесі құжаттар мен жобалар орналастырылмайды:

— Кешенді ведомстводан тыс сараптамадан теріс қорытынды алған ЖСҚ немесе типтік жобалар;

— Мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылмайтын, яғни жеке құрылыс жобаларының құжаттары;

— Құпия немесе «қызметтік пайдалану үшін» деген арнайы белгісі бар құжаттар;

— Желілік құрылыстар, инженерлік және көлік инфрақұрылымы жобалары;

— Азаматтық қорғаныс, ғарыш инфрақұрылымы және банктердің жобалары.

Төмендегі жұмыс түрлерін көздейтін құрылыс жобалары да банкке енгізілмейді:

  1. Құрылыс нысандарын күрделі жөндеу немесе ғимараттар мен құрылыстарды реставрациялау жұмыстары;
  2. Пайдаланылып жатқан нысандарды реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту немесе техникалық қайта жарақтандыру жобалары;
  3. Авариялық нысандарды бұзудан басқа, құрылыс нысандарын кәдеге жаратудан кейінгі жұмыстар;
  4. Құрылысы тоқтатылған аяқталмаған нысандарды консервациялау немесе деконсервациялау жобалары.

Каталогты қалыптастыру және жобаларды алу тәртібі

Жобалар кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, мемлекеттік банк операторы оларды 3 жұмыс күні ішінде ережелерге сәйкестігі тұрғысынан тексереді. Тексерістен сәтті өткен құжаттардың соңғы нұсқалары порталға жүктеледі. Енгізілген жобалар негізінде арнайы каталог түзіледі. Онда нысанның атауы, тапсырыс берушісі, жобалау ұйымы, сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні, сондай-ақ техникалық-экономикалық параметрлері көрсетіледі. Пайдаланушылардың бұл каталогқа қол жеткізуі және жобаларды алу процесі толықтай цифрландырылған:

Тіркелу және келісім: Пайдаланушы порталға тіркеліп, құжаттармен жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы қол қоюы тиіс.

Хабарлама жолдау: Типтік жобаны не ЖСҚ-ны байланыстыру мақсатында алу үшін пайдаланушы портал арқылы ЭЦҚ-мен куәландырылған хабарлама жібереді.

Автоматты түрде беру: Құжаттарды беру пайдаланушының жеке кабинеті арқылы автоматты түрде орындалады. Пайдаланушыға тиісті бөлімдерге жауапты сарапшылардың ЭЦҚ-сымен расталған жобаның соңғы редакциядағы электрондық нұсқасы жолданады.

Жобалар мен құжаттарды мемлекеттік банктен байланыстыру үшін беру процесі мемлекеттік сараптама ұйымы арқылы мүлдем тегін негізде жүзеге асырылады. Жаңа ереже бойынша, ЖСҚ бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары мемлекеттік банкте кемінде үш жыл бойы сақталады. Ал типтік жобалар банк базасында тұрақты түрде орналастырылып, мерзімсіз сақталады.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img