Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Әділеттілік және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары — Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлуды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Ақордада өткен салтанатты жиында түрік саясаткеріне мемлекеттік награда табысталды.
Марапатқа негіз болған бірегей кітап
Күршад Зорлу екі ел арасындағы дипломатиялық және мәдени байланысты нығайтуға бағытталған «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы. Түркия-Қазақстан қатынастары» атты кітапты құрастырып, оның идея авторы болғаны үшін осындай жоғары құрметке лайық деп танылды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған 14-15 мамыр аралығында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында бұл еңбекті алғашқы болып Қазақстан басшысына жеке өзі табыстаған болатын. Жинаққа 10 академик пен автордың арнайы дайындаған ғылыми-талдамалық материалдары топтастырылған. Қазақ және түрік тілдерінде жарық көрген кітап қазіргі уақытта халыққа ыңғайлы болу үшін цифрлық платформаларға да орналастырылған.
Кітаптың кіріспе бөлімін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі жазып, онда Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген көшбасшылығының арқасында екіжақты қатынастар жаңа серпін алғанын атап өткен.
Бауырластық байланыстардың жаңа деңгейі
Марапаттау рәсімі барысында Күршад Зорлу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Р. Ердоғанның ыстық сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, ол Түркия басшысының Қазақстанға жасаған сапары аясында дүниежүзінде тұңғыш болып «Қожа Ахмет Ясауи» атындағы орденмен марапатталғанын еске салып, бұл қадам бауырлас халықтар арасындағы достықтың шыңы екенін жеткізді. Түрік саясаткері Қазақстан мен Түркия арасындағы серіктестік алдағы уақытта да өркендей беретініне сенім білдірді.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апатының сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды — jananews.kz


