Алматы облысында жаңа фармацевтикалық зауыт салынады

Қазақстан Республикасының Үкіметі Алматы облысында жалпы құны 32,5 млрд теңге болатын заманауи фармацевтикалық зауыт құрылысының жобасын мақұлдады. Мемлекет басшысының отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Ресми келісім Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe pharmaceuticals» ЖШС арасында жасалып, жаңа толық циклді биофармацевтикалық кешен «Алатау» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағында бой көтеретін болды.

Өндіріс көлемі және шығарылатын дәрі-дәрмектер

Жоба толығымен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады және жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды елімізде локализациялауды көздейді. Жаңа кешенде фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Шығарылатын өнімдердің қатарында онкологиялық және сирек кездесетін (орфандық) ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар. Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, белгіленген жобалық қуатқа шығу 2032 жылға, ал негізгі бағыттар бойынша толық өндірістік циклге көшу 2034 жылға жоспарланған.

Өндірістен бөлек, зауыт базасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (R&D) жүргізіледі. Оның ішінде биоэквиваленттілік зерттеулерін жасау, тіркеу құжаттарын әзірлеу және халықаралық GMP стандарттарын енгізу шаралары қарастырылған.

Әлеуметтік маңызы және саланың серпіні

Жаңа биофармацевтикалық кешен елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтып, импортқа тәуелділікті азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жоба аясында өңірде 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылып, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру жүйесі құрылады.

Елде фармацевтикалық өндіріс саласында 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты. Отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-дық өсім көрсетті.

Қазақстанда өзен-көлдерді қорғау мақсатында жаңа жоспар дайындалуда — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img