Алматы агломерациясын дамыту және Алатау қаласының стратегиялық рөлі: Президент кеңесті қорытындылады

Алматы облысына жасаған жұмыс сапарының аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы агломерациясын дамыту, өңірлік логистикалық хабтар құру және елдегі құқықтық мәдениетті арттыру бағытында бірнеше маңызды міндеттерді айқындады. Президент Алатау қаласының құрылысын мемлекеттік маңызы бар өршіл жоба ретінде бағалап, нақты нәтижелерге қол жеткізуді талап етті.

Көлік-логистикалық инфрақұрылым және «Skytrain» жобасы

Президент Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуын сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге жол ашатын зор мүмкіндік деп атады. Алатауда жаңа кәсіпорындар ашылып, халық тұрақтай бастаса, бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін адамдардың ағынын азайтуы тиіс. Агломерациядағы көлік қатынасын реттеу үшін келесідей нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі уақытта күн сайын Алматы қаласына облыс аумағынан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп-шығады. Осы салмақты жеңілдету үшін жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесі белсенді дамытылуы қажет.

Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін «Skytrain» желісін салу мәселесін пысықтау жүктелді. Бұл желі қала шекарасынан шығыс және батыс бағыттарына қарай тартылуы керек. Алатау мен Алматы қалаларын өзара жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін жедел пысықтау тапсырылды.

Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (ҮААЖ) бойында орналасуы және Алатауды Қорғаспен қосатын жаңа теміржол тармағының жоспарлануы болашақта ірі облыстық кластердің пайда болуына септігін тигізеді. Осы тізбектегі ең маңызды жобалардың бірі — заманауи «Almaty SkyHub» мультимодальді логистика орталығы болмақ.

Әлемдік талаптарға сай озық қала құру

Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласының инфрақұрылымын жүйелі дамытуды, инвестицияны қорғауды және арнайы басқару режимін енгізуді біртұтас кешен ретінде қарастыруды міндеттеді.

«Шын мәнінде, Алатау city жобасын жүзеге асыру – тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз. Бұл – мемлекеттік маңызы зор міндет, еліміз үшін стратегиялық мәні бар жұмыс. Сондықтан біз тыңғылықты, тиянақты, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Құр қағаз жүзіндегі есептің еш қажеті жоқ. Бәрімізге керегі – нақты нәтиже».

Президент қазірдің өзінде сауда-логистика және қойма инфрақұрылымына шетелдік компаниялардың қызығушылық танытып отырғанын, ендігі кезекте лауазымды тұлғаларға жеке жауапкершілік жүктеле отырып, міндеттердің уақтылы орындалуы қажеттігін шегелеп айтты.

Алатау қаласындағы туристік кластер және ауқымды әлеует

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай қала халқының саны 2 миллионнан асып кетуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет. Golden District болашақта халықаралық білім және ғылым орталығына айналады, мұнда озық білім беретін орта қалыптасады. Тартымды туристік кластер ретінде миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы тиіс.

Әсіресе, Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағында халық тек жазда емес, жыл бойы (шаңғы, сноуборд, коньки, балық аулау) демалатындай жағдай жасалуы керек. Жағалаудағы бей-берекет құрылысты тоқтатып, нысандардың архитектуралық стилін бірыңғайлау тапсырылды.

Конституциялық реформа және жергілікті биліктің дербестігі

Мемлекет басшысы наурыз айында өткен конституциялық реформаның нәтижелеріне тоқталып, Бас құжаттың ел дамуының басты қозғаушы күшіне айналуы керектігін мәлімдеді. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Конституция нормалары барлық білім ордалары мен кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуы тиіс.

Қолданыстағы заңнамаларды Ата заңға сай бейімдеу аясында алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтіп, Халық кеңесі құрылады. Парламент қазіргі уақытта «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуде. Осы өзгерістерден кейін жергілікті депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласып, өкілді биліктің бақылау тетіктері мен аймақтардың дербестігі күшейеді. Мемлекет басшысы биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толатынын атап өтті. Қаланың әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің еңбек сіңіріп жатқанын тілге тиек етті.

Қонаев пен Алатау қалаларының бірлескен заманауи даму үлгісі тұтас Алматы облысының өсіп-өркендеуіне және жаһандық капиталды тартуға зор серпін бермек.

Тоқаев: Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img