Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы бұл алғашқы тарихи сапардың екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.
Президенттердің марапаттау рәсіміндегі мәлімдемелері
Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр басшысының екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара сенімді нығайтуға қосқан еңбегін ерекше бағалады.
«Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесіңізге шексіз құрметтің белгісі ретінде Сізге І дәрежелі «Достық» орненін табыстау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынастың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Никос Христодулидис Қазақстанның бұл жоғары марапатын екі мемлекет арасындағы берік байланыстың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабылдайтынын жеткізіп, Мемлекет басшысына алғыс айтты. Ол бұл сапардың перспективті салалардағы ортақ мүдде мен мықты саяси ерік-жігерді паш ететінін мәлімдеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар
Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірнеше маңызды ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
— Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кипрдің Зерттеу, инновациялар және цифрлық саясат кіші министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш қызметі және киберқауіпсіздік салалары бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
— Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кипрдің Мәдениет кіші министрлігі арасында мәдени ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.
— Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кипрдің Білім, мәдениет, спорт және жастар министрлігі арасында білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум рәсімделді.
— Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Кипрдің Білім, спорт және жастар министрлігі арасында спорт саласы бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
— Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы мен Кипр Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында инвестициялық және іскерлік перспективті нығайту бойынша ынтымақтастық туралы маңызды келісім бекітілді.
Қалада жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынбайды — jananews.kz


