Екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша маңызды халықаралық құжаттарға қол қойылды

Брюссельде өткен жоғары деңгейдегі ресми кездесулер мен кеңейтілген келіссөздер сериясы екіжақты қарым-қатынастарды заңдық және практикалық тұрғыдан жаңа белеске көтерді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен қазақ-еуропа серіктестігінің болашақ бағытын айқындайтын арнайы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Осыдан кейін тараптардың қатысуымен еліміздің авиация, көлік-логистика, цифрландыру және тау-кен өнеркәсібі секторларын дамытуға бағытталған маңызды халықаралық келісімдер мен меморандумдарға ресми түрде қол қою рәсімі өтті.

Әуе қатынасы және «Air Astana» флотын кеңейту

Қабылданған құжаттардың алғашқы блогы еліміздің азаматтық авиация саласын халықаралық стандарттарға сай трансформациялауды көздейді. Бұл бағытта 2 ірі құжат бекітілді:

— Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» ресми келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі ортадағы әуе қатынасының заңдық негіздерін реттеуге жол ашады;

— Отандық «Air Astana» АҚ мен Еуропаның авиациялық алпауыты «Airbus» компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін жаңа тапсырыс беруді көздейтін тарихи келісімшарт ресми түрде бекітілді. Бұл қадам отандық әуе компаниясының тасымал әлеуетін айтарлықтай арттырмақ.

Инфрақұрылым, «Е-жолдары» және Орта дәлізді қаржыландыру

Келіссөздердің екінші маңызды бағыты — Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) заманауи цифрлық және физикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Еуропалық даму институттарымен бірлесе отырып мынадай құжаттар мақұлданды:

— Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚБ) арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» жаңа цифрлық платформасын жасақтауға арнайы қайтарымсыз грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды;

— «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында маңызды келісім бекітілді. Құжат аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының тікелей бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі республикалық маңызы бар автожолдарды заманауи үлгіде қалпына келтіруге арналған инвестициялық жобалар тікелей қаржыландырылатын болады.

Өнеркәсіп және сирек металдар саласындағы ғылыми серіктестік

Еуропалық инвесторлардың Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі мен заманауи технологиялар трансферіне деген қызығушылығы жоғары. Сапар аясында өндірістік ғылымды дамытуға бағытталған құжат бекітілді:

— Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚБ) арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат негізінде елімізде Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған арнайы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленеді. Бұл орталық сирек кездесетін металдар мен маңызды шикізатты халықаралық стандарттар бойынша өңдеу технологияларын игеруге мүмкіндік береді.

Брюссель төрінде бекітілген бұл құжаттар алдағы уақытта Қазақстан экономикасына еуропалық инвестициялар ағынын жеделдетудің берік заңдық негізі.

Мемлекет басшысы Еуропалық Одақ көшбасшыларымен Брюссельде маңызды келіссөздер жүргізді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img