Еліміздің көпвекторлы сыртқы саяси доктринасын ілгерілету, Еуропа құрлығымен арадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мақсатында халықаралық деңгейдегі тарихи кездесу өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ көшбасшыларымен жоғары деңгейдегі ресми келіссөздер жүргізу үшін Брюссельдегі белгілі «Еуропа» ғимаратына келді. Сапар аясында Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты кеңейтілген келіссөздер өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстар екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткені ресми түрде мәлімделді.
Стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі
Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сенім мен құрметке негізделген қазақ-еуропа қарым-қатынасының шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Брюссельде қол қойылған маңызды келісімдер мен меморандумдар тараптардың сан қырлы ықпалдастықты тереңдетуге дайын екендігін толық дәлелдейді.
«Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Орталық Азия аймағында бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге (КСҮК / EPCA) қол қойып, оны заң аясында ратификациялаған мемлекет саналады. Бүгінде бұл құжат екіжақты байланыстың берік құқықтық негізі. Еуропалық Одақ — еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстан нарығындағы еуропалық компаниялардың табысты қызметі халықаралық бизнестің отандық экономикаға сенімін байқатады.
Көлік дəлізі, «Global Gateway» және өнеркәсіптік кооперация
Келіссөздердің басты тақырыптарының бірі — көлік-логистикалық байланыстарды жаңғырту болды. Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) мен ЕО-ның ауқымды «Global Gateway» инфрақұрылымдық бастамасын өзара ұштастырудың стратегиялық перспективаларына ерекше назар аударды. Еуропалық серіктестер Қазақстандағы бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобаларына қаржылық әрі техникалық қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың келесі маңызды бағыттары айқындалды:
— Қазақстанда мол қоры бар сирек кездесетін металдар мен маңызды материалдар саласында бірлескен жобаларды дамыту;
— Еліміздің өңдеу өнеркәсібіне еуропалық инвестицияларды тарта отырып, заманауи өндіріс ошақтарын ашу;
— Атом энергетикасы, цифрлық трансформация, су қауіпсіздігі, заманауи ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша ықпалдастықты арттыру.
Гуманитарлық өлшем және виза режимін жеңілдету
Қасым-Жомарт Тоқаев білім, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы тікелей байланыстарды дамытудың маңызын атап өтті. Қазақстан «Erasmus+» және «Horizon Europe» секілді білім беру мен ғылыми-зерттеу бағдарламалары аясындағы серіктестікті жоғары бағалайды. Мемлекет басшысы еліміздің Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті екенін ресми түрде мәлімдеді. Ең басты жетістіктердің бірі ретінде Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша маңызды келіссөздер процесінің сәтті аяқталғаны ерекше аталды.
ЕО басшыларының ұстанымы және Euronews мақаласы
Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында халықаралық «Euronews» ақпараттық ресурсында жарияланған талдамалық мақаласымен мұқият танысқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл материалда Брюссельдің стратегиялық ұстанымдарымен толық үндесетін 3 негізгі басымдық (орнықтылықты нығайту, өзара байланысты кеңейту және азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашу) нақты айқындалған.
«Қазақстан өзара көлік байланысын қамтамасыз етуде басты дәліз саналады. Желілік байланыстарды дамыту мақсатында білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларға инвестиция құю өте маңызды», – деді Антониу Кошта.
Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен өз кезегінде КСҮК келісіміне қол қойылғаннан бергі 10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара сауда көлемі 2 есе өскенін мәлімдеді. Ол еуропалық тараптың сауда-саттықтағы кедергілерді еңсеруге, тауар айналымын әртараптандыруға (соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын) және визалық режимді жеңілдету бойынша жұмыстарды жедел аяқтауға мүдделі екенін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты қарым-қатынастарды жаңа көпполярлы әлем талаптарына сай дамыту туралы ортақ байламға келді.
Мемлекет басшысы Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен ресми кездесу өткізді — jananews.kz


